Қанат БОЗЫМБАЕВ: ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫ БОЙЫНША РЕКОРДҚА ЖЕТТІК

Уақыты: 11.02.2019
Оқылды: 1457
Бөлім: САЯСАТ

Биыл Қазақстанда 89 миллион тонна мұнай өндіру жоспарда тұр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ айтты.

Қазақстанда 2018 жылы рекордтық деңгейде мұнай өндірілген. «2018 жылы отын-энергетика кешенінің әр саласы бойынша көрсеткіштер толық орындалып, рекордтқа қол жеткіздік. Мұнай өндіру саласы ел тарихында болмаған 90 миллион 360 мың тонна көлеміне жетті. Бұл 2017 жылға қарағанда 4,8 пайызға артық», - деді министр.

Министрдің дерегінше, мұндай жоғары көрсеткішке Қашағаннан 13,2, Теңізден 28,6, Қарашығанақтан 2,2 миллион тонна мұнай өндірудің арқасында қол жеткізілген.

- Ағымдағы жылы 89 миллион тонна деңгейінде мұнай өндіру жоспарлануда. Бұл ретте екі сатыдағы кен орындарының өндіру көлемі табиғи құлдыраумен байланысты болып отыр. Әсіресе, Қызылорда облысындағы Құмкөл тобында 2019 жылға жоспарланған өндіріс көлемі 1 миллион тоннаға төмендейді, - деді министр. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, мұнай өндірісінің табиғи түрде төмендеуін тоқтату мүмкін емес. «Дегенмен, төмен қарқынды өндіру көлемін бірқалыпта ұстап тұру үшін тиісті шаралар жасалуда», - деді Қанат Бозымбаев.

"ҚАЗАҚПАРАТ"