Қ.ТОҚАЕВ: "ҚЫТАЙМЕН, РЕСЕЙМЕН КӨРШІ БОЛУ - ҮЛКЕН МҮМКІНДІК"

Уақыты: 18.02.2020
Оқылды: 1021
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Германияға жасаған екі күндік жұмыс сапары нәтижелі аяқталды. Тарихи сапардың басты мақсаты – Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясына қатысу болғанымен одан тыс әлемде өзіндік орны бар ұйым өкілдерімен, ірі компания жетекшілерімен, беделді саясаткерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Екі күн ішінде ел мүддесіне, әлеуметтік-экономикалық салаларға қатысты келіссөздер жүргізіліп, Қазақстанның қалыптасқан демократиялық құндылықтары, Орта Азиядағы орны мен беделі, әлемнің өзге мемлекеттерімен қарым-қатынас мәселелері сөз болды. Қазақстан Президентімен өткізілген он екі кездесуге де әлемдік деңгейдегі сарапшылар жоғары баға берді. Бұл туралы толығырақ "Қазақпарат" агенттігі шолу жасады.

Жұмыс сапарының алғашқы күні Германияның ірі компания басшылары Клаус Лутцпен, Михаэл Виферспен және Патрик Видеманмен екіжақты кездесуден басталды. Кездесуде көлік логистикасы, екі жақты тәжірибе алмасу, қалдық заттарды қайта өңдеу және өзара ынтымақтастық мәселелері көтерілді. Мюнхен конференциясы аясындағы жүздесу Канаданың Премьер-Министрі Жастин Трюдомен жалғасты. Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды.

Түс ауа Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Хосе Анхель Гурриамен пікір алмасты. Қасым-Жомарт Кемелұлы аталмыш ұйымның стандарттарын енгізуге, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысында белсенді ықпалдастыққа баса мән беретінін айтты.

– Мен бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын. Біз көптеген министрлермен бірлесіп жұмыс істедік. Осы орайда қарым-қатынастың жыл санап дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Бүгінгі кездесуге шын жүректен қуаныштымын. Биыл ынтымақтастығымыз одан әрі өрлей түседі деген сенімдемін, – деді Анхель Гурриа.

Қазақстан Президенті Мюнхенге жасаған жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен, Кувейттің Премьер-Министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен, әлемге әйгілі «Siemens AG» компаниясының атқарушы директоры Джо Кэзермен, «Eurasia Group» зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен, Халық- аралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесіп, сауда, экономика, медицина салаларында әңгіме өрбітті.

Әсіресе, Президент денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Осы орайда коронавирустың алдын алу бағытында Қазақстанда қабылданған шаралар туралы сөз қозғады. Өз кезегінде Тедрос Адхан Гебрейесус індеттің таралуына байланысты кеңінен мәлімет ұсынды. Ал Халықаралық Қызыл Крест комитетінің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Петер Маурерге Қазақстанның ІІ дәрежелі «Достық» ордені тапсырылды.

Әлем назарын аударған Мюнхен конференциясына 40-қа жуық мемлекет Президенті, 100-ден астам министр, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар, Еурокомиссия өкілдері, сондай-ақ, Еуропалық Парламент депутаттары келді. Конференцияда Еуропалық одақ пен НАТО болашағы, киберқауіпсіздік, денсаулық сақтау, сауда соғыстары мен санкциялар, жалған ақпарат, насихат пен күмәнді жаңалықтар, Таяу Шығыстағы ахуал, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынас тақырыптары талқыланды.

Жыл сайын өтетін жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы  еліміздің әлемдік деңгейдегі бедел-биігін айшықтай түсті. Жиынның екінші күнінде «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбында пікірталас өтті. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы көршілес елдермен өзара тиімді қарым-қатынас туралы айтты. Халықаралық қатынастар кеңесінің президенті Ричард Хаас жетекшілік еткен пікірталасқа Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани да қатысты.

– Жер көлемі бойынша тоғызыншы орындағы Қазақстан Республикасы туралы айтатын болсақ, Қытай мен Ресейдің ортасында орналасу – бұл үлкен мүмкіндіктер әлемі. Біз екі елмен көршілес болу арқылы көптеген мүмкіндікке иеміз. Сонымен бірге, Орталық Азияның ауқымды бөлігін иемдену де географиялық ерекшелік. Менің ойымша, Орталық Азия өзінің геосаяси маңызын жоғалтпайды, – деді Мемлекет басшысы пікірталас кезінде.

Мюнхен конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы туралы да айтып берді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға еліміздегі саяси реформалардың негізгі бағыттары туралы әңгімелеп, экономиканы әртараптандырудың, инновациялар мен цифрландыруды дамытудың аса маңызды екеніне назар аударды.

Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Орта Азиядағы елдердің дамуы мен өзара қарым-қатынасы, олардың әлемдік қауымдастықтарға ықпалы сөз болып, татулық пен бітістіруді ту еткен Астана процесі әңгіме өзегіне айналды. Жиында Президенттер мен беделді ұйым жетекшілері, әр тараптан келген сарапшылар Мюнхен мінберінде сөз сөйлеп, әралуан пікірлерді ортаға салды. Әсіресе, Сириядағы соғыс өртін өршітпеуді мақсат еткен Астана процесі үшін қазақстандықтарға алғыс айтылғаны әлем сахнасындағы беделімізді тағы бір сатыға көтерді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР