"БҰЛ - УАҚЫТША ҚИЫНДЫҚ": ПРЕЗИДЕНТ ЕКІНШІ РЕТ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Уақыты: 01.04.2020
Оқылды: 1643
Бөлім: САЯСАТ

Ел аумағында енгізілген төтенше жағдайдың он алтыншы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ тағы да мәлімдеме (толық мәтіні) жасап, республикалық телеарналардың эфирінен коронавирус індетінің залалын жоятын негізгі жолдарды атап көрсетті. Маңызды мәлімдемеде қауіпті індет дүниежүзінің 177 мемлекетіне тарап үлгергені, коронавирус инфекциясы батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт екені, мұндайда төзімділік пен жауапкершілік танытқан адам ғана барлық қиындықты жеңіп шығатыны сөз болды. Президент сабыр сақтап отырған барша қазақстандыққа шын жүректен алғыс айтып, төтенше жағдайдың әлеуметтік және экономикалық салдарына байланысты көрсетілетін жан-жақты қолдау шараларын таныстырды.

Аз уақыттың ішінде әлемді шарпыған қауіпті індет медицинасы дамыған талай мемлекетті әбігерге түсірді. Алдымен вирустың уысында қалған Қытайдың Ухан аумағында қаза тапқандар саны үш мыңнан асып жығылса, кейіннен бұл қорқынышты санатқа Еуропа елдері, оның ішінде, Италия, Испания, Германия халқы қосылды. Алпауыт АҚШ-та да жұқтырғандар мен қаза тапқандар саны күрт өсті. Емі табылмаған індет Қазақстанды да айналып өтпеді. Бірақ мемлекет дер кезінде төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына тосқауыл қойылды. Осындай тар кезеңде тез шешім қабылдаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туындап отырған ахуал мемлекет деңгейінде қатаң бақылауға алынғанын мәлімдеді.

– Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар ондаған есе көп. Мен елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырдым. Барша қазақстандықтарға сабыр сақтап, түсіністік танытқаны үшін алғысымды айтамын. Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл – аса маңызды, – деді Президент.

Індетке шалдыққан адамдарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Мұндайда дәрігерлердің, медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтуге тиіспіз. Олардың қайсарлығы, қауіпті аурумен бетпе-бет келіп, ем-дом жүргізуі тарихта қалатын үлкен ерлікпен пара-пар. Президент әрбір дәрігерді адам өміріне араша түсіп жүрген бүгінгі күннің батырына теңеді. Оларға қосымша қолдау көрсету ісі қолға алынды. Атап айтқанда, үш ай бойына үстемақы төленіп, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің айлығы 850 мың теңгеге дейін көтерілгені көпшілік күтпеген үлкен жаңалықтың бірі болды. «Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

КАРАНТИН КҮШЕЙТІЛДІ

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,

ҚР «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалының төрағасы:

- Планетаны жайлаған пандемияның салдарынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осымен екінші рет халық алдына шығып, мәлімдеме жасады.

Онысы орынды. Ресми деректерді алға тартқан ел Президенті 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдыққанын айтты. Осыған қатысты ол Елорда мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырды.

«Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт», - деп атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген мамандарға қосымша қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

Аграрлы аймақтың асығы алшысынан түсті десек артық айтқандық емес. Ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді демеу үшін бюджеттен 70 миллиард теңге қарастырылды. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлінді. Жанар жағармай бағасы бірден 165 теңгеге төмендеді. Осыны жүзеге асыру мақсатында 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады.

Жалпы, осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек.

БІЗДІҢ МІНДЕТ

Жалғас ҚАТЖАНОВ,

Алматы облысы, Кербұлақ аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында мәлімдеме жасады. Онда ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 70 миллиард теңге, ал көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлінетіндігі туралы айтылды. Бұл ауылшаруашылығы дамыған Кербұлақ ауданы үшін үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауылшаруашылығы саласына жаңа технологиялар еңгізіп, аудан экономикасын көтеруге үлес қосу - біздің міндетіміз. Осы арқылы аграрлық сектор экономикалық өсімнің негізгі драйверіне айналады.

БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ

Ғабит ИНИЯТОВ,

Алматы облысы, Текелі қалалық ауруханасының инфекционист дәрігері:

- Мемлекет басшысы  Қ.Тоқаевтың еліміздегі індетке қарсы барлық шараларды қабылдап, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдады.

Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленетінін және медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесінің де шешімін тапқанын айтып өтті.

Бұл, өз кезегінде, бізді, дәрігерлерді жігерлендіріп, күш береді.  Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық екендігіне бүкіл қоғам қолдау көрсетуде. Бұл - біз үшін үлкен мерей. Адам өміріне жауаптылық арқалаған абзал жандар осы сенімді зор абыроймен ақтаймыз. Біз біргеміз!

ҚУАНЫШ ҰЯЛАДЫ

Берік ТЫНЫШБАЕВ,

Алматы облысы, Ақсу ауданы, Б.Сырттанов ауылдық округі, "Әлихан" шаруа қожалығының басшысы:

- Ауданымыздың басты дақылы - қант қызылшасы. Осыдан 5 жыл бұрын 13 гектар жерге тәтті түбір егіп, осы кәсіпті бастаған болатынмын. Былтыр 204 миллион теңгеге "Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы "Сервистік дайындау орталығын" ашып, 110 гектар жерге қант қызылшасын ектім. Әр гектарынан орташа 600 центнерден өнім жинадым. Биыл 120 гектар жерді қант қызылшасын себуге дайындап қойдым.

Осындай қиын кезеңде көмек қолын созып, біз сияқты шаруаларға жәрдемдесіп жатқан Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевқа алғысым зор. Биыл арзандатылған жанар жағармайдан 10 тонна сатып алдым. Президент үндеуінен соң көңілге қуаныш ұялап, бойымызға тың серпін бітті.

Президент мәлімдемесінде төтенше жағдайға байланысты туындаған әлеуметтік мәселелер де қозғалды. Әсіресе, аталмыш мәлімдемеге дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасы әзірленгені, онда инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға индексация жасалатыны (табыс пен қаржы мөлшерін баға индексіне байланысты қайта есептеу), осыған орай, мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінетіндігі баяндалды. Сондай-ақ, табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни, 42 500 теңге көлемінде қаржылай қолдау жасалатыны, бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана берілетіні айтылды. Бұл санатқа өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да кіргізілді.

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға және мұқтаж азаматтарға тұрмысқа қажетті заттар, азық-түлік тегін беріледі. Мұндай қолдау Қазақстанның 800 мыңнан астам азаматына көрсетілмек.  Тағы бір айта кетерлік жаңалық – Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтарға ем-дом жүргізу ісі 1 шілдеге дейін ұзартылды. Яғни, медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.

– Біз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып отырмыз. Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды, – деген Президент ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілетінін, оларға бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Көктемгі егіс науқанына арналған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандату, былайша айтқанда, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Президент арзандатылған жанармай шалғайдағы фермерлерге дейін қолжетімді болуы керектігін қадап айтты.

– Осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек. Мұның барлығы коронавирус індетінің залалын тезірек жоюға әсер етеді деп сенемін! – деді Мемлекет басшысы.

Карантиндік режимнің енгізілуіне байланысты елордамызда, Алматы мен Шымкент қалаларының маңайында еңбекке қабілетті адамдардың, әсіресе, жастардың көп шоғыры байқалады. Оларға Үкімет пен жергілікті әкімдіктер «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде нақты жобалар дайындауы қажет. Қаланың жабықтығы оларға әсер етпеуі тиіс. Қала маңындағы тұрғындардың жұмыс істеп, айлық алатын тіршілік көзі болғаны жөн. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында еңбек етемін деген жандарға екі еселенген ең төменгі айлық мөлшері қарастырылады.

Мәлімдемеде шағын және орта кәсіпкерліктің салығы, басқа да төлемдері бойынша жеңілдіктер жасау мәселесі айтылды. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде екінші деңгейлі банктерге қатысты несиенің пайызына есеп жүргізілмесе дейтіндер көп. Осы орайда Президент банк мекемелеріне азаматтық жауапкершілікті сезінуді, кәсіпкерлермен ынтымақтастықта болуды сұрады. Қиын кезеңде банктерге мемлекет қолдау көрсеткен. Енді банктер отандық бизнес өкілдеріне азаматтық танытуы тиіс. Бұған қоса, мемлекет тарапынан да банк пен бизнеске қолдау шаралары жалғасады. Айта кетерлік жайт, төтенше жағдайға байланысты ең көп зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің табыс салығынан және басқа да төлемдерді төлеуі алты айға тоқтатылады. Сондай-ақ, басқа да шағын және орта кәсіп иелері үшін салық төлеу үш айға шегеріледі. Бірақ кейін төлеуге міндетті болады. Мәлімдемеде Үкімет пен әкімдіктерге «Мемлекеттік азық-түлік корпорациясы» арқылы отандық ауылшаруашылық және қайта өңдеу кәсіпорындарынан өнімді кем дегенде 6 ай бұрын кепілдендірілген сатып алу жоспарын құру тапсырылды. Президент еліміздегі қаржыландыру жүйесі, импорт, шикізатты өңдеу, басқа да салаларда тиімді шараларды жүзеге асыру бойынша тапсырмалар берді.

– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы құрған Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ұтымды игеру керек. Қаржыны нақты экономикаға жедел және тура жеткізу үшін мемлекеттік даму институттары арқылы тікелей қаржыландыру мүмкіндігін ескеру керек. Бұл жағдайда «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы» және басқалары бар, – деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент аталған тетік экспортқа бағытталып, қарқынды өсіп келе жатқан компанияларға қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, қаржылық ресурстардың көлемін, дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымын ескере отырып, бөлінетін қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы айырықша маңызға ие.

Сегіз бөлімге жіктеліп жеткізілген Президент мәлімдемесі әлемді алаңдатқан індеттін алдын алуға және төтенше жағдай кезінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін қалыпты ұстап тұруға бағытталды. Сөзінің соңын Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Коронавирус індетіне байланысты баршамыз күрделі кезеңді өткеріп отырмыз. Бірақ бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Біз мемлекет және қоғам болып барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан, бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын! Біз біргеміз!» – деп түйіндеді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР