"ОЛ - РУХЫ МЫҚТЫ АДАМ": ЕЛБАСЫ БҰЛ СЫНАҚТЫ ДА ЖЕҢІП ШЫҒАРЫ СӨЗСІЗ

Уақыты: 18.06.2020
Оқылды: 1497
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ коронавирусқа шалдыққан Елбасына тезірек сауығып кетуін тілеп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Сондай-ақ, өңір-өңірде де ізгі ниеттерін білдіріп, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне зор денсаулық тілеушілер қатары көп. Әсіресе, туған жері - Жетісу өлкесінің тұрғындары да танымал саясаткер, тәуелсіздіктің жарқын тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл індетті жеңіп шығатынына сенім білдіріп, сауығып кетуіне тілектестік танытты.

* * *

Өкінішке қарай, коронавирус біздің Тұңғыш Президентіміз, Елбасын да айналып өтпеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Ол - рухы мықты адам. Оның бүкіл өмірі күреске толы, сондықтан, ол бұл сынақты да жеңіл еңсереді деп сенемін.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

* * *

Аспанымызда азаттықтың ақ таңы атқан күннен бастап ел басқарып, бейбіт те зайырлы мемлекеттің іргетасын қалап берген Тұңғыш Президентіміздің індет жұқтырды дегенін естігенде, алаңдап қалғанымыз рас.

Қазақстанды Мәңгілік Ел ету жолында аянбай тер төккен Елбасын мен ғана емес, бүкіл әлем ерекше құрметтейді десем, қателеспеймін. Өйткені, ол өз еліне ғана емес, бүкіл әлемге ортақ қаншама бастаманың авторы екенін білеміз.

Ол қазақ тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін бес саусағындай біледі. Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз биік белестерді бағындырды. Мақсатымыз айқын, жоспарымыз жүйелі болғандықтан озық елдермен тең дәрежеде бақуатты өмір сүріп келеміз. Осының барлығы Елбасының ерен еңбегі екені даусыз.

Ұлтым, жерім деген Елбасына денсаулық тілейміз. Тезірек сауығып, қатарға қосылуына ниеттеспіз. Елбасындай рухы мықты адам мұндай індетті жеңіп шығатынына сенімдімін. Індетті жұқтырып жатқан басқа да қазақстандықтарға таусылмас төзім мен қажыр-қайрат тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ,

Олимпиада чемпионы,

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

* * *

Әлемді дүрліктірген індетке ел болып қарсы тұрудамыз. Дегенмен, елі сүйген, елін сүйген Елбасымызды да бұл короновирус айналып өтпеді. Тұңғыш Президентіміз оқшауланды деген ақпарды естігенде, көңіліміздің айдыны лайланғандай болғаны жасырын емес-ті.

Жаңа тарихтың сан белесіне елімізді ерен күшімен бастап, әлемді аузына қаратқан сарабдал жол иесі, парасатты Елбасымыз қажыр-қайраты мол, Алланың назары түскен ұлы перзент екені күллі қазақ жұртына белгілі. Сондықтан, кемел елдің келешегіне нұрлы қадам жасатқан тұғырлы тұлғаның короновирус індетін еңсеріп, өзі қалаған тәуелсіз Отанының әлі де гүлдене түсуіне ат салысатындығына сенімдіміз.

Жайнаған Қазақстанның жаңа белестеріне де куәгер болар Тұңғыш Президентке ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз. Күллі отандасы осынау ақ тілектің үстінде отыр. Маңдайы жарық тұлғаның індетті еңсеріп, жұртымен алдағы нұрлы күнді бірге қарсы алатынына сенім зор. Ел болып коронавирусты жеңген жарқын күнге дін аман жетейік.

Күллі Түркі халықтарының дара Көшбасшысына ұлы елі зор сенім артары да ақиқат. Сондықтан, дерттен құлан-таза айығар күнге ел болып асығайық. Сақтық шараларына селқос қарамайық!

Аманжол ҚАСАБЕК,

І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың профессоры,

философия ғылымдарының докторы

* * *

Коронавирус пандемиясы әлі де қарқынды түрде таралуда. Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Нұрсұлтан Назарбаевтың осы індетті жұқтырғаны белгілі болып отыр. Бұл дегеніміз індетке бей-жай қарамай, сақтық шарасын одан әрі жалғыстыру керек деген сөз.

Еліміздің дамуына, көркейіп-өсуіне ерен еңбек еткен Елбасымыз бұл сынақтан да өтеді деген сенімдемін. Осыған дейінгі әрбір ісі көпке үлгі. Қауіпті індетке шалдықса да, елі үшін қызмет етуін тоқтатпай жұмысын қашықтықтан жалғастыратынын мәлімдеді. Мәңгілік Ел келешегінің жарқын болуы үшін жасаған бұл қадамы ел есінен ешқашан өшпек емес.

Коронавирус пандемиясын жұқтырған әрбір қазақстандық ерік-жігермен қатар шыдымдалық танытса, тезірек сауығып кетері сөзсіз. Сондықтан, ешқашан күдер үзбей, сын сәтте де бірлік танытсақ, алынбайтын қамал, аса алмайтын асу қалмайды. Себебі, “Біз біргеміз”.

Елбасымыздың бұл індеттен тезірек сауығып шығуына тілектеспіз. Қауіпті індеттен құлан таза айығып, ел игілігі жолында еңбек ете беретініне сенім мол.

Еркебұлан АҚБОЛАТОВ,

"Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" Жастар қанаты Алматы облыстық филиалының төрағасы

Сурет - ғаламтордан