"ХАЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТУДЫ ҚОЙДЫ": ПРЕЗИДЕНТ БІРНЕШЕ ӘКІМГЕ СӨГІС ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 29.06.2020
Оқылды: 1211
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы коронавируспен күресте ақпараттық жұмыстардың маңызды рөл атқаратынын айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды.

- Дер кезінде хабарлап, тиісті шаралар қабылдауға көп нәрсе байланысты. Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Коронавирус бойынша үш ай бұрын арнайы құрылған Республикалық коммуникациялық орталық қазіргі уақытта іс жүзінде жұмыс істемейді. Осыған сәйкес, бүгінде бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей, торығуда, - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің кең таралуына байланысты тұрғындардан да арыз-шағым көп түсіп жатқанын жеткізді.

- www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Қазіргі таңда оның үштен біріне ғана жауап берілді. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда. Ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керек. Телеарналардан, тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды? Азаматтарға емдеудің протоколын, алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер, оны пайдалану жөнінде түсініктеме беру қажет, – деді Президент.

- Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялады, - деді Берік Уәли. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескерту жасалды.

- Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін айтты», - деп толықтырды Президенттің баспасөз хатшысы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"