"САҒЫНАДЫ ЕКЕН ҒОЙ": ЕЛБАСЫ МЫС ҚОРЫТУ ЗАУЫТЫНА ЖЫЛ САЙЫН КЕЛЕТІН

Уақыты: 30.06.2020
Оқылды: 1148
Бөлім: САЯСАТ

Жерұйық Жетісу жерінде самалымен жан тербеген жайдары жаздың шуақты күндері салтанат құруда. Сондай тамылжыған сәттердің бірінде құлағымызға дамылсыз шырылдаған бозторғай үні естілетіндей. Мұның өзін де қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның бір нышанына теңегеніміз жөн болар.

2000 жылы мен Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-дің металлургия факультетін тамамдап, жолдамамен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазған мыс қорыту зауытына металл қорытушы болып жұмысқа орналастым. Араға бірнеше ай салып ауысым шебері лауазымына жоғарыладым. Сол кездері отты бұлақ алабында металлург әріптестеріммен бірге маңдайымыздан теріміз сорғалап, Сарыарқаның аптап ыстығында арнайы киіз киім, пима киюге тура келді. Цехтың кіреберісіндегі техникалық қауіпсіздік бұрышындағы «Металлург, есте сақта», «Сені үйде отбасың күтеді» деген нұсқаулық сөздердің тәуекелін арқалап еңбек еткен кезімізде еліміздің Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да осы жолдан өткені ойымызға оралды.

Балқыту цехының бет қаритындай ыстығына темірдей шыныққан Президентіміздің қызметіне тілекші бола отырып, еліміз Қазақстанды көкке көтеріп, абыройын асқақтата түсетініне кәміл сенетінбіз. Ол кісі де бізге – Жезқазған мыс қорыту зауытына жыл сайын келіп, зауыт жұмысшыларымен құйылып жатқан балқыма басында жылы жүздесіп, кездесулер өткізетін. Нұрағамның сондай кездесулердің бірінде айтқан: «Мен де металлургпын, қайнап жатқан металды жылына бір көрмесем көңілім көншімейді» деген сөздері әлі есімде.

Осы күні көңіліме Нұрағамның қайнап жатқан металлға әр жыл сайын бір қарап кететіні сағыныштан туған сапарлар екен ғой, бәлкім, металл жалынымен бірге жалындаған жастығын еске түсіретін болар деген ой келеді.

Металлургтерде «Біздің күшіміз балқымада» дегенге келетін ұран, девиз тәріздес тұжырым бар. Сол айтқандай, Қазақстан халқының да күші бірлікте, ынтымақта деген тұжырым жасауға болады. Елбасымыз бұл тұжырымды осы күнге дейін ту етіп ұстап келеді.

Бүгінде менің туған өлкемнің сәні жарасып, тұла бойы табиғи сұлулыққа тұнып тұр. Бұл жетістікте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен үлесі бар екендігі ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Соған орай Тұңғыш Президентімізге бүкіл металлургтер атынан жалынды тілегімді жолдағым келеді. Қазақстан халқының тәуелсіздік тұғырында бақытты өмір сүруі үшін жасаған еңбегінің жемісін көріп, елінің ыстық ықыласына бөлене берсін деймін. Көк Туымыз дәйім биіктерден желбіресін!

Ержан ЖАЙЛЫБАЕВ,

Жаркент көпсалалы колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары

Алматы облысы