АСТАНА ЖАЙЛЫ МӨЛТЕК СЫР: КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ ҚАЛА

Уақыты: 06.07.2020
Оқылды: 1816
Бөлім: САЯСАТ

Мен астаналықпын

Астанаға алғаш келген адамның жүзінде әлдебір қобалжу болатын секілді. Үлкен теңізде тербелген кішкентай желқайықтай күй кешесің. Санаңды әртүрлі ойлар шайқап, көңілің жел айдаған бұлттай аласұрып тұрады. Зәулім ғимараттар сенің қиялыңдағы тәтті естеліктерге ұқсайды. 

Суретшінің шабыттана отырып салған қымбат картинасы қолыңа түскендей қайта-қайта қарайсың. Адасып кетем деп қорықпайсың, қайта сол қорқынышыңды жеңуге әлдебір жұмбақ күш итермелейтіндей алға ұмсынасың. Бәрі сен сияқты адамдар, бірақ көзқарастары басқа. Олар – жаңашыл, олар – талғампаз.
Бас қалаға кеше келген жас ақын сұхбат беріп отырып: «Астаналық болу – статус» дегені әлі есімде. Осы бір оймақтай ойдың айналасына қаншама тәтті тіркестерді байлауға болады. Мемлекеттің дамуына әсер етіп жатқан оқиғалар мен жағдайлардың ортасында жүру  – үлкен жауапкершілік. Сен – астаналықсың, саған қарап бәрі бой түзеу керек сияқты. Сенің қателесуге хақың жоқ, сен – реформаторсың. Сенің сөзің – заң, қаракетің – үлгі. 
Менің бұл шаһардан байқағаным – халықтың Елорданың жаңа атауына тез бейімделгені. Сырттан келген біз әлі «Астана» деп жүрміз. Ал қала тұрғындарының Елбасына деген құрметі, ізетті ілтипаты анық байқалады. Әрі оны таза ұстауға деген құлшыныстары тіпті керемет. Құдды, ең жақсы көретін адамың туған күніңе сыйлаған бағалы сыйлық іспетті. Үнемі қадірін асырып, мұқият ұстауға тырысасың. Нұр-Сұлтан да сондай, Тәңірдің қазаққа берген құнды дүниесі секілді. Қайда барсаң да алдымен Елордамен мақтанатынымыз да сол шығар?! Аулада ойнаған балалардың күлкісінен-ақ астанаға деген алғаусыз махаббаттың көрінісі байқалады.
Астана – Елбасының қолтаңбасы. Бұл – дәуір алмасса да орны өшпейтін естелік. Сондықтан да болар, тәуелсіздік жайлы толғана қалсаң астананы айналып өтіп кете алмайтынымыз. Ол – біздің еркіндікке қол жеткізген сәттегі жүзіміздегі қуаныштың бейнесі. Ақындардың алғашқы өлеңі астанаға арналуы керек сияқты, жазушының әңгімесі де. Өйткені ол – азаттықтың символы.
Астана – жиырмадан жана асқан бозбаладай. Ол әлі өседі, өркендейді, жаңғырады. Сіз сеніңіз! Жыл сайын тотықұстай түрленіп, жаңа кейіпке енетін зәулім ғимараттар мен биік мұнаралары көздің жауын алады. Алыстан келетін қонақтардың айтатыны да сол. Ал мен ел мақтаған салтанатты сарайларды әлі толық аралаған жоқпын. Бірақ, мен астаналықпын деп мақтана аламын.

Мұхтар Күмісбек,
«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі

***

Келешектің кепілі

Еліміздің өркендеуінің айқын көрінісі Елордамыз – Нұр-Сұлтанның дамуынан анық байқалады. Себебі, мемлекеттің басты құжаты саналатын астана қашанда сол елдің әл-қуатынан хабар береді. Ертеректегі қалалардың тарихына көз жүгіртер болсақ, қызықты жайттарға қанығамыз.
Күллі мұсылман баласы үшін қасиетті саналатын Мекке мен Медина қалалары құмды өңірдің көркін кіргізіп, аз уақыттың ішінде асқақтағаны тарихи шындық. Қазір жылына миллиондаған мұсылман қажылыққа баратын қастерлі аймақ.
Екі жетім бала Рем мен Ромулдың мекен етуімен алып шаһарға айналған Рим қаласы бүгінде бүтіндей бір мемлекетке айналып отыр. Қазақта: «Қызың – Қырымға, ұлың – Ұрымға» деген сөз бар. Ұрымыңыз қазіргі Рим екендігін көзқарақты оқырман жақсы біледі. Батыр бабаларымыздан қорғану үшін мыңдаған шақырымға қорған салдырған көршілес Қытайдың астанасы Бейжіңнің іргетасы тарихтың тереңіне бойлап кеткені белгілі. Оның империяның астанасына айналуына Құбылай ханның тұсында өмір сүрген бабаларымыз үлес қоспады деп кім айта алады?
Мәскеудің қалыптасуына біздің ата-бабаларымыздың қосқан үлесі зор екенін қазіргі тарих шындыққа айналдырды. Расында Алтын Орда мемлекетіне салық төлеп, сыртқы жаулардың шапқыншылығынан қорғанған ежелгі Русьтің бүгінгідей алпауыт мемлекетке айналуына батыр бабаларымыздың ерен ерлігі себеп болғанын қалай жоққа шығарайық?! Қалай болғанда да мемлекеттердің астанасына айналар шаһардың өз тағдыры, өз тарихы болады.
Қазақстан Республикасының Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының да келешегі кемел, болашағы жарқын болуы – уақыттың еншісінде. Оның жұлдызы биік, шаңырағының асқақтауына азаматтары ықпал етері анық. Ендеше, керегеміздің кеңеюін тілейік!

Димаш Алтыбаев,
Қ. Байғабылов атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық 
пәнінің мұғалімі
Кеген ауданы

***

Асқақ арман

Әр елдің астанасы – мемлекеттің алтын бесігі. Өйткені, сол елдің бет-бейнесі, жүрегі саналатын орталықта аса маңызды мәселелер қаралып, үкіметтік органдар жұмыс жүргізеді. Яғни, елдік, мемлекеттік біртұтас тақырыптар осы жерден шешіледі. Оған тарихтан дәлел көп.
Біздің елордамыз – Нұр-Сұлтан күннен-күнге дамып келе жатқан жас қала. Болашақтың тірегі ретінде сайын даланың көркін кіргізген алып шаһар қысқа уақыттың ішінде көркейіп, гүлденіп, тәуелсіздігіміздің ордасы,  елдігіміздің символына айналып, асқақтай түсті. Ондағы алып ғимараттар мен биік-биік зәулім сарайлар сәулет өнерінің жарқын үлгісі іспетті. Алғашында аспанмен тілдескендей көрінетін «Бәйтерек» қазір кейбір нысандардан көп кіші екендігі анық білінеді. Осыдан алты жыл бұрын отбасымызбен қыдырып, Елорданы аралап қайттық. Пойызбен бір тәулікке жуық уақыт жүргенде байқағаным ұшы-қиыры жоқ жазық дала. Кенет қалың ағаш қоршаған шырайлы шаһардың қарасы көрінгенде оның ауқымын байқадық. Теміржол вокзалынан түскен бойда туыс ағамыздың көлігімен арман қала – Астананы бір шарлап шыққанбыз. Самаладай жарқыраған шамдары, шешімі қызғылықты үйлер мен ғимараттардың орналасуы көрген адамды тәнті етеді екен. Содан кері қайтқанша еліміздің бас қаласының қызығына тоймадым. Ондағы ағылған тіршілік, тынымсыз көліктер қозғалысы тарих жасалып жатқанын білдірді. Сонда менің көкірегімді: «Есейгенде осы қалада оқыса ғой, тұрса ғой» – деген арман тербеп тұрды. Бұл менің дақ түспеген аппақ арманым болатын.
Қазір телеарналардан, әлеуметтік желілерден Нұр-Сұлтан қаласының қалай дамып бара жатқанын естіп, көріп, біліп отырмыз. Жас ұрпақты болашаққа бастайтын бас қаламыз бүгінде күллі әлемді тәнті еткен шаһарға айналды. Өнер, білім және мәдениеттің, ғылымның ордасына айналу бағытында қалыптаса бастаған астанамыздың болашағы зор. Өйткені ол – арман қала.

Ұлпан Әсет,
№28 ІТ-мектеп-лицейінің 10-cынып оқушысы
Талдықорған қаласы

Сурет ғаламтордан алынды