ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІН ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 09.09.2020
Оқылды: 1832
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты қабылдап, Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен танысты. Сондай-ақ, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің орындалу барысын талқылады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын сұрап біліп, Жолдауда айтылған әлеуметтік шараларды орындаудың және пандемия жағдайында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесуде облыс әкімі баспанаға мұқтаж тұрғындарды, әсіресе, әлеуметтік аз қамтылғандар санатындағы азаматтарды баспанамен қамтудың «5-10-20» және «7-20-25» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқандығын жеткізіп, осы бағыттағы жұмыстың барысын таныстырды. Сонымен қатар, топырағы құнарлы Жетісу жеріндегі ауылшаруашылығын дамытудың мүмкіндігі сараланып, ауылшаруашылық саласына инвестиция тарту мәселесі ортаға салынды. Осыған орай облыс әкімі табиғаты тамаша өңірдегі ішкі туризмді кеңінен дамыту бойынша қолға алынып жатқан шаралар мен жетістіктерді баяндап, биылғыдай пандемия жағдайында оқу үрдісін ұйымдастыру нәтижесін әңгімеледі.

Облыс әкімі Амандық Баталовты мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы аймақта белгіленген әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерін жоғары деңгейде орындауды тапсырды. 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"