ҮЗДІК КӘСІПОРЫНДАРҒА ПРЕЗИДЕНТТІҢ "АЛТЫН САПА" СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 12.12.2020
Оқылды: 1425
Бөлім: САЯСАТ

Алматы облысының бірқатар кәсіпорны Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Жеңімпаздар Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында марапатталды. Өзге өңірлермен қатар Алматы облысының әкімі Амандық Баталов және осы сыйлықтың былтырғы жылғы жеңімпаздары шараны бейнебайланыс арқылы тамашалады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, орта кәсіпкерлік субъектілері арасында Іле ауданындағы «MAKS DORSTROYSERVIS-21» ЖШС өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын атанды. Ал Қапшағай қаласындағы «Рыбпром» ЖШС-ға өнімнің сапасы мен қызмет көрсету саласындағы жетістіктері үшін берілетін ТМД сыйлығы берілді. Қапшағайлық «KazOrganicProduct» балық шаруашылығы «Ұлы Дала елі» ортақ брендін иелену байқауының 2020 жылғы жеңімпаздарының қатарында аталды.

«Алтын сапа» сыйлығының биылғы лауреаттарының еңбегіне қысқаша тоқталып өтсек. «MAKS DORSTROYSERVIS-21» ЖШС Қазақстанның құрылыс нарығында 21 жылдан астам уақыт бойы белсенді қызмет етіп келеді. Құрылыс өнімдерін сериялы өндірумен, сонымен қатар жаңа құрылыста, жолдарды, көпірлерді, жол өткелдерін күрделі жөндеумен, елді мекендерді абаттандыру, тұрғын үйлер мен өндірістік нысандарды жаңадан салу және күрделі жөндеу, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытудағы күрделі жұмыстарды орындаумен айналысады. «Жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамту 2020» сияқты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың белсенді қатысушысы.

Ал қапшағайлық «Рыбпром» ЖШС - мұздатылған балық, балық филесін шығаратын кәсіпорын. Мәселен, серіктестік 2019 жылы жалпы сомасы 1264,2 млн. теңге болатын 934 тонналық балық өнімін өндіріп, 2018 жылмен салыстырғанда өндірісін көлемін 25 % арттырған. Ал биылғы жылдың 11 айында құны 1058,1 млн.теңге болатын 746 тонна өнім шығарған.

Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан «KazOrganicProduct» - толық циклды өндірістік балық фермасы. Уылдырықтан тауар болғанға дейінгі балықтың барлық өсу процестерін толық бақылай алатын мүмкіндігі бар және бассейндерінің барлығы заманауи құралдармен, бақылау мен автоматтандырудың әлемдегі озық технологияларымен жабдықталған. Шаруашылық халықтың балық өнімдеріне деген сұранысын қағанаттандыра отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"