Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІН МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 15.12.2020
Оқылды: 393
Бөлім: САЯСАТ

Елбасы барша қазақстандықты еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бірқатар азаматқа мемлекеттік марапаттар тапсырды. Марапат алғандардың қатарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та бар. Бұл туралы "Жетісу" газеті Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап мәлімдеді.

– Осы жылдар ішінде Қазақстан алдына ауқымды міндеттер қойып, биік белестерді бағындырды. Біз бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындап, еліміздің ұлы тарихын жалғастырып жатырмыз. Елдігімізді нығайтып, әлемдік қоғамдастық мойындаған іргелі мемлекетке айналдық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Салтанатты шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминге, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі Д.Ақышевқа, Алматы облысының әкімі А.Баталовқа, Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы А.Әшімбекұлына, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры А.Дзюбаға, «Mabetex Group» компаниясының негізін қалаушы Б.Паколлиге, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы басшысының орынбасары С.Сейтеновке мемлекеттік наградалар тапсырды.

– Қазақстанның өркендеуі мен ел игілігі – сіздер үшін ең маңызды дүние. Бұл марапаттар – ел дамуына сіңген ерен еңбектің жемісі. Баршаңызды осы жоғары мемлекеттік наградалармен шын жүректен құттықтаймын. Мықты денсаулық, бақ-береке мен табыс тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, мемлекетіміз өркендей берсін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"