"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ АУЛАСЫН СУ БАСЫП ҚАЛҒАН ТҰРҒЫНҒА КӨМЕКТЕСТІ

Уақыты: 31.01.2021
Оқылды: 1039
Бөлім: МІНБЕР

Халықтың жайына болысу - «Nur Otan» партиясының негізгі миссиясы. Өйткені, нақты істер партиясы халықтың сенімі мен үмітін арқалаған саяси ұйым. Сондықтан, «Nur Otan» партиясына жағдайын айтып, тұрмысындағы қиындығын еңсеруге көмек сұрап байланысатындар көп.

Жуырда партияның Кербұлақ аудандық филиалына Сарыөзек ауылының тұрғыны А.Кариева қоңырау шалды. Оқиғаның мән-жайы бойынша, тұрғынның ауласын су басқан. Қыс қаһарына мінген сәтте келген апат дереу мұз құрсауға айналады.

Мұндайда қарап қалмайтын, әр қазақстандықтың жағдайын күйттейтін партияның аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Г.Камамбаева жедел шешім қабылдап, «Сарыөзек» БПҰ төрағасы Қ.Сұлтанбековке байланысқа шығады. Мәселеге анық көз жеткізген соң, ауылдық әкімдік пен «Күреңбел су» МКК тарапынан апаттың алды алынып, ауланы жайлаған мұз ойылды. Мұнан бөлек, мұз құрсаулары тысқа шығарылып, партияның аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары нәтижелі жұмыс жүргізілгеніне көз жеткізді.

- Ел Президенті «халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жан-жақты жүзеге асыру үшін қарекет керек. Қарекет дегеніңіз – халықтың жағдайына ойысып, олардың үнін тыңдап, олардың мәселесінің тиісті жағдайда шешілуіне бағыт беру, оңтайлы шешуге атсалысу. Міне, Сарыөзек ауылындағы жағдайға байланысты құзырлы органдардың көмегімен, тұрғынның ауласында орын алған апатты тоқтаттық. Бірлікпен тірлік еттік. Нәтиже бар. Жұмысымыз – халықтан алғыс алу. Ал алғыс тегін берілмейді, - деді Кербұлақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Г.Камамбаева.

Партияның уақытында тиісті қам қылғанына ауыл тұрғыны алғысын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"