"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ҒИМАРАТЫНДА ТҰРҒЫНДАР МӘСЕЛЕСІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 12.03.2021
Оқылды: 1096
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың ұсыныс-тілегін тыңдады. Онлайн форматында өткен қабылдауда аудан тұрғындары ауызсу, тұрғын үй, газ тарту сынды сұрақтар қойып, көтерген мәселесіне нақты жауап алды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бірінші болып сұрақ қойған Алакөл ауданы, Үшарал қаласының тұрғыны Алмат Есенбеков өңірде тұрғын үй мәселесі бойынша көмек сұрайтын азаматтар көп екеніне тоқталып, кезекте тұрған әлеуметтік топ пен көпбалалы аналарды баспанамен қамту үшін тұрғын үй салуға жәрдемдесуін сұрады. Орынды сұрақ қойылғанын айтқан Лаззат Махатұлы:

– 60 пәтерлі үйдің құрылысы биыл басталады. Аудан әкімдігі жобаның сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізді. Жобаның құны 766 миллион теңгені құрайды. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылған, – деді.

Қаратал ауданы, Сарыбұлақ ауылы мен Еңбекшіқазақ ауданы, Нұра ауылының тұрғындары Айжан Баясилова, Айтжан Қашағанов ауызсу мәселесін көтеріп, құбырлардың тозығы жеткенін, сол себепті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге өтініш білдірді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов ауызсу мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын, аталмыш ауылдардағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленгенін, көп ұзамай күрделі жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Сонымен қатар Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылынан сауал жолдаған Анар Дүйсенбайқызы Сүмбе, Рахат, Ұзынтам ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатқанынан хабардар болды.

Қоғамдық қабылдауда текелілік Жасұлан Қапалов есімді тұрғын газ тарту мәселесін көтерді.  Қазіргі уақытта «КАТЭК» ЖШС жобалау ұйымымен газ құбыры мен тарату желілерінің құрылыс нысаны бойынша жобалық-құжаттама әзірленіп жатыр. Текелі қаласына газ тарту желілерін салу мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы шеңберінде жоспарланған. Қабылдауға жазылған барлық азаматтың сұрағына Лаззат Махатұлы толыққанды жауап беріп, аталған мәселелердің шешілуін  қадағалап отыратынын айтты.

Өткен жылы «Nur Otan» партиясының облыстық, аудандық, қалалық қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 21 230 өтініш тіркеліп, оның 11 354-і оң шешімін тапса, 9876 өтініш бойынша кеңес берілген. Ал жыл басынан бері 1975 өтініш тіркеліп, 879-ы шешілсе, 1096 өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы