ЖЕР ТЕЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢСЫЗДЫҚТАР АНЫҚТАЛДЫ: ПАРТИЯ ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 19.03.2021
Оқылды: 1180
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, жер телімдеріне қатысты заңсыздықтар таныстырылды. Алдымен қоғамдық кеңес төрағалығына жаңа сайланған Римма Салықованың жұмысына табыс, сәттілік тілеген партия мүшелері отырысты жалғастырып, партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалу барысын тыңдады.

Алдымен облыстың жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық деректеріне қатысты  мәліметпен таныстырған партия облыстық  филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Мақсұт Тобаев өткен жылдың деректерін қайта жаңғыртып өтті. Оның айтуынша, былтыр облыс прокуратурасы жүргізген талдау бойынша елді мекендер шегінен жер беру және оның нысаналы мақсатын өзгерту кезінде бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары сақталмаған. Тіпті, мемлекеттік қызметкердің беделін түсіретін теріс қылықтар орын алып, жер заңнамасын бұзудың аса өрескел фактілері анықталған.

Атап айтқанда, Талғар ауданында бірқатар нормалар бұзылып, Б.Қуанышовтың, М.Әміржановтің жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қаулылар заңсыз шығарылған. Сондай-ақ, А.Уркунаеваның аудан әкімдігінің 29 шілдедегі №07-305 қаулысымен нысаналы мақсаты бағбандық жүргізуден нысан салуға және қызмет көрсетуге өзгертілген аумағы 0,0272 га жер учаскесінің ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына жататындығы және елді мекеннің шегарасына кірмейтіндігі анықталды. Сонымен қатар, жер комиссиясының қорытындысымен Т.Мусаевтың Тұздыбастау ауылдық округінде орналасқан жалпы көлемі 0,0400 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын нысан салуға және қызмет көрсету бағытына өзгерту негізсіз жүргізілген. Одан бөлек, Талғар қаласында Д.Ыбышова және И.Садықованың жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде заңбұзушылыққа жол берілген. Мұндай деректер Талғар ауданында көптеп кездеседі.

Былтыр Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің ақпараттық есептік кітабында ветеринарлық құжатсыз заңсыз мал тасымалдаған 149 құқықбұзушылық туралы хабарлама тіркеліп, Инспекция қызметкері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 406-бабы 2-тармағына сәйкес бақылауға және қадағалауға жататын, орны ауыстырылатын тасымалданатын объектiлердi ел аумағында тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде ветеринариялық қағидаларды, талаптар мен нормативтерді сақтамағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырған. Алайда инспекция қызметкерлері жалпы полиция бөлімінен келіп түскен 149 құқықбұзушылық туралы материалдың 12-сіне ешқандай шара қолданбаған. Осыған орай Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасының ұсынысымен 6 қызметкер – Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Еңбекшіқазақ ауданы аумақтық инспекциясының басшысы және 5 қызметкері теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Былтыр Кеген ауданының тұрғындары Қарқара, Тұйық ауылдарында жер комиссиясы шығарған қорытынды шешімге сенімсіздік білдіріп, жер учаскелерінің дұрыс бөлінбегендігін алға тартқан. Осыған орай конкурстың жабық өткізілгеніне наразылық танытып, аудан әкімінің атына ұжымдық арыз түсірген ауылдастар «Қазақстан», «31 телеарна», «Жетісу», «Евразия-1», «Азаттық радиосы» сынды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырып, мәселенің мәнін күллі республикаға паш еткен.

Осыған байланысты конкурстық құжаттарды тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылықтың орын алғаны анықталды. Мысалы, №1 лот бойынша конкурсқа қатысқан 7 адамның ішінде Суатаев Жумаш аудандық жер комиссиясының мүшесі бола тұра жеңімпаз деп танылып, 92,62 га жер учаскесін жалдау құқығына ие болуға мүмкіндік алған. №15 лот бойынша 7 адам қатысқан конкурста жеңімпаз ретінде танылып, 23,29 га жер учаскесін рәсімдеуге құқық алған Сағатбек Молдабаевта жер комиссиясының мүшесі, Қарқара ауылдық округінің әкімі Болат Молдабаевтың әкесі екендігі белгілі болды.

Ал 8 адам қатысқан №54 лот бойынша жеңімпаз деп танылған Эльмира Токушева Тұйық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Е. Желденбаевтың әйелі. Ауылдық округ әкімі уақытша жұмыста болмауына байланысты бас маман комиссия отырысына мүше ретінде қатысқан. Бұл жағдайды жер комиссиясы ескермеген.

Осындай келеңсіздіктерге байланысты облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов жауап беріп, былтыр атқарылған жұмыстарының есебін берді. Отырысқа онлайн қатысқандықтан болса керек, басқарма басшысының сөздері толық естілмей, жиынға қатысушылар нақты мәлімет ала алмады. Осыған орай жауапты жазбаша беруді ескерткен кеңес төрағасы Римма Салықова отырыста қаралатын келесі мәселеге назар аудартты.

Еңбекшіқазақ, Кеген, Талғар аудандарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қатысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департаментінің мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Жеңіс Андабеков баяндама жасап, өңірлерде атқарылған жұмыстың көрсеткішін таныстырды. Оның айтуынша, былтырғы карантин кезінде жүргізілген тексерулер мемлекеттік қызмет көрсету саласында 325 бұзушылық орын алғанын анықтаған.

Соған орай заңбұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептерді жою үшін 46 нұсқама енгізіліп, 46 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Яғни, мемлекеттік қызмет алушылардан артық құжаттар талап ету, қызмет көрсету рәсімдерін бұзу, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу, толық құжаттар пакеті болмаған жағдайда қызмет көрсету сынды кемшіліктер облыстың барлық аудан, қалаларында кездескен. Соған байланысты мемлекеттік қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізу кезінде 577 бұзушылық анықталып, 55 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Осындай мәліметтерден соң Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері қойған сұрақтарға кезекпен жауап беріп, орын алған заңсыздықтарды қалай түзеткендерін әңгімелеп берді.

Жиында қаралған үшінші мәселе бойынша партияның Жамбыл, Қарасай аудандық филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің төрағалары есеп беріп, атқарылған жұмыстарын таныстырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы