БИЫЛ 11 ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ ЖҰМСАУ ФАКТІСІ ТІРКЕЛГЕН

Уақыты: 30.06.2021
Оқылды: 1091
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда отбасындағы жағдай, балалардың мәселесі қаралып, жүргізілген мониторинг нәтижесі айтылды.


Жиынды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадіров ашып, жүргізіп отырды. Әуелі сөз алған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева отбасы турасында айтып, отбасындағы әке мен ананың, баланың негізі рөлін жан-жақты талдап өтті. Одан кейін мінберге шыққан облыстық филиал саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Элеонора Талданбаева 7-11 маусым аралығында әлеуметтік және білім беру нысандарына жасалған мониторинг нәтижесін айтып, ондағы кемшіліктерге тоқталды. 

Облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қайсар Мухметов былтыр облысымызда бірде-бір суицид тіркелмегендігін, биыл жарты жылдықтың өзінде 11 өзіне-өзі қол жұмсау фактісі тіркелгендігін айтты. Ең көбі Кербұлақ (4) пен Іле (3) аудандарында. Дәл осы сататистика айтылғаннан кейін Серік Нұрқадіров онлайн қатысып отырған басқа аудандардағы білім саласына жауапты қызметкерлердің арасынан Кербұлақ ауданында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын сұрады. Олар бүгінде ауданда ғана емес, жалпы облыстағы білім беру мекемелерінде психологпен жұмыстар жиі жүргізіліп жатқандығын жеткізді. 

Жиын соңында отырғандар айтылған ұсыныс, пікірлердің орынды екенін, әлі де жұмыс істеу керектігін айтып тарқасты. Ал мониторингтік жұмыстар жиі жүргізіледі және нәтижелері тиісті мекемелерге жіберіліп, қорытынды шықпаса көптің алдында талқыға түсетін болды. 

Қали АСҚАР