АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 29.06.2021
Оқылды: 1159
Бөлім: МІНБЕР

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Nur Otan» партиясы  облыстық филиалының қабылдау бөлмесінде онлайн форматында азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сауалдардың басым көпшілігі жұмыс орындарын ашу, студенттерге арналған жатақхана салу және спорттық кешен ашу тұрғысында өрбіді.

Қабылдауда аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін тікелей сайлауға қатысты сұраққа жауап берген Амандық Ғаббасұлы:

– Елімізде алғашқы рет ауылдық округ әкімі лауазымына тікелей сайлау өткізілмек. Мұндай өзгерістер мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді. Ағымдағы жылдың 25 шілдесі күні Текелі қаласында және 16 ауданда жалпы  71 ауылдық округ  әкімдерінің тікелей сайлауы  өтуі жоспарлануда.  Сайлауға 1 млн. 388 мың сайлаушының 222 мыңға жуығының қатысуы күтілуде, – деп ауыл әкімдерінің сайлауын  тағайындау туралы аумақтық сайлау комиссияларының шешімдері БАҚ арқылы жарияланатынын жеткізді.

Жамбыл ауданының тұрғыны Қанатбек Бердықұлов Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровке арнап облыс орталығынан мурал салу туралы ұсынысын жеткізді. Аймақ басшысы Амандық Баталов Талдықорған қаласының әкімдігі, дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Рухани жаңғыру» орталығы бірлесіп ұсыныс бойынша тиісті шаралар атқаратынын айтты. Келесі кезекте Сарқан политехникалық колледжінің студенті Айым Ержан білім ордасының ескі жатақханасын қалпына келтіруге жәрдем сұрады. «Жатақхана құрылысының жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қарастырылуда. Құрылыстың сметалық құны 239,8 млн. теңгені құрайды. Жатақхана сыйымдылығы 50 адамға арналған. Мемлекеттік сараптама дайын болғаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылатын болады», – деді Амандық Баталов.

Қапшағайлық Асқар Адамбаев кәсіпорындарды іске қосып, жұмыс орындарын ашу тұрғысында сауал жолдады. Аймақ басшысы биыл «Solar Power Kapshagay» ЖШС жаңа күн электрстансысын (қуаты 50 МВт) және макарон өнімдерін шығаратын «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС кеңейтілген зауыты (қуаты 40 мың тонна) пайдалануға беріп, нәтижесінде 245 жаңа жұмыс орны ашылатынын хабарлады. Ақсу ауданының тұрғыны Досжан Тұрсабеков Ілияс Жансүгіров ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталып, әлі күнге дейін аяқталмай жатқанын айтты. Мәселенің анық-қанығын түсіндірген облыс әкімі Амандық Баталов:

– «Арх Строй» ЖШС аталған кешеннің құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізді. Аяқталу уақыты 2019 жылдың маусым айы болатын. Алайда нысанды өткізу уақытының кешіктірілуіне байланысты мердігер ұйым сотқа беріліп, 2020 жылдың соңында келісімшарт бұзылды. 2018-2019 жылдары 677 329 мың теңге қаражат бөлініп, игерілді. 25.05.2021 жылы қалған жұмыстарды аяқтауға мемлекеттік сатып алудың порталы арқылы конкурс жарияланып, 25 маусым күні байқау қорытындысы бклгілі болды. Мердігер болып «Дәулет Серпін» ЖСШ танылды. Келісімшарт тіркеу сатысында. Құрылыс жұмыстарының аяқталу уақыты 2021 жылдың соңы, – деді.

Амандық Ғаббасұлы қоғамдық қабылдауда көтерілген барлық мәселелердің қатаң бақылауға алынып, оңтайлы шешілуі үшін жүйелі жұмыс істелетінін айтты.

Мәулен Әнербай