АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 144 ЕСКЕРТКІШКЕ QR-КОД ҚОЙЫЛҒАН: "МИРАСТЫҢ" ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 28.08.2021
Оқылды: 1278
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Mіras» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Мәдениет пен өнер, бірлік пен келісім, сондай-ақ, тілдерді қолдану мен дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуына ықпал етіп, келелі мәселелердің шешім табуына ұйытқы болып келе жатқан кеңестің кезекті жиыны «ZOOM» пластформасы арқылы онлайн түрде өтті.

Кеңес отырысын қоғамдық кеңес төрағасы, «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым ашып, жүргізіп отырды. Ол әуелі күн тәртібіндегі екі мәселені жекелей атап шығып, жиынға қатысушыларды таныстырып өтті.

Өз кезегінде облыс төңірегіндегі тарихи-мәдени мұра нысандарына QR-кодтарын орнату бойынша атқарылған жұмыстар жайлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова баяндама жасады.

– Жол картасының тағы бір бағыты облыстағы тарихи және мәдениет ескерткіштеріне QR-код қою. Бұл бағытта биыл 81 тарихи-мәдени мұра нысанына QR-код қою жоспарланды. Өткен жылы облыстағы 150 тарихи және мәдени ескерткіштерге аталған код қойылса, биыл облыстық бюджеттен 7,8 млн.теңге бөлініп, 81 тарихи-мәдени мұра нысанына QR-код қою жоспарланған. Бүгінгі күні барлығы 144 ескерткішке аталмыш код қойылды. Жол картасының 97-тармағы толығымен орындалды, – дей келе, тарихи-мәдени ескерткіштер ұлтымыздың байлығы, өткеннен сыр шертетін қасиетті мұрамыз екенін атап өтті. Сонымен қатар, облысымызда орналасқан құнды ескерткіштеріміздің жалпы саны 2336 екенін, оның ішіндегі төртеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген ескерткіш екенін де атаусыз қалдырмады.

Кеңес төрағасы Нүсіпбай Додабайұлы өз кезегінде облыстағы осыншама мұраға бұл қарқынмен қашан QR-код қойылып бітетінін, QR-код қоюда шешімін күткен қандай өзекті мәселелер барын және қасиетті Күреңбел топырағындағы петроглифтердің сақтау жағдайы туралы сауал тастап, Әлия Әлімжанқызының тұшымды жауабын тыңдады.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – Алматы облысының этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен өткізілген іс-шаралар жайлы болды. Бұл тақырыпта облыстық қоғамдық келісім орталығы директорының міндетін атқарушы Жандос Байқамитов баяндады. 

– Жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған этносаралық және конференциялық келісімді, қоғамдық-саяси тұрақтылықты және Қазақстан халқының бірегейлігін сақтауға бағытталған 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оның 93-і онлайн, 57-сі оффлайн форматында өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында «Қазақтың ұмыт болған дәстүрлері», «Ұлы Даланың 7 қыры» лекторийлерін, «Қымызмұрындық», «Славян жазуы» фестивалін, этностардың Мәдениет күндерін өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды, – деген Жандос Бауыржанұлы ілкімді іс-шараларды баяндап өтті. Солардың арасында «Мен қазақша сөйлеймін», «Жер жаннаты – Жетісу», «Берекелі шаңырақ» сынды акция мен фестивальдер барын да ерекше атады.

Баяндамадан кейін отырыс жүргізушісі Н.Әбдірахым «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы жайлы кеңінен тарқатып айтып беруін, қай өңірде, қай деңгейде ұйымдастырылғанын, игі шараға қанша адам қатысқанын сұрады. Өз кезегінде баяндамашы аталған бағыт бойынша қойылған сұрақтарға барынша толыққанды жауап берді.

Отырыс барысында қандастардың мәселесі де тақырыпқа өзек болды. Олардың атамекенге оралғаннан кейінгі азаматтық алуы мен пәтер кезегіне тұру мәселесі көтерілді. Жиын соңында кеңес модераторы аталған тақырыпты келесі отырыста тереңнен талқылауды ұсынды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ