ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРҒАН 1000 МЕКТЕПТІҢ 100-І ЖЕТІСУДА САЛЫНАДЫ

Уақыты: 22.09.2021
Оқылды: 1360
Бөлім: МІНБЕР

«Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Алматы облысы бойынша сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөнінде Достық үйінде «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Онда бағдарламада көзделген сын-қатері бар 39 нысанды қаржыландыру, Талдықорған қаласының 2025 жылға дейінгі білім беру, ғылым, денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев, облыстық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, басқарма басшылары, аудан, қалалық депутаттық фракция жетекшілері қатысты.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Гүлнар Тойлыбаева тиісті басқарма басшылары мен жауапты сала мамандарының есебін тыңдап, партияның өңірлік «Жол картасы» бойынша жыл басынан жүзеге асқан әрбір бөліміне тоқталып, жыл соңына дейінгі жасалатын жұмыстарды саралады.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 1000 мектеп салуды тапсырды. Алматы облысында 100 мектеп құрылысы көзделген. Оның ішінде 62 мектеп мемлекет есебінен, 5 мектеп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде, жекеменшік 18 мектеп салу қажеттілігі анықталды. Үшауысымды мектептерді жою мақсатында жыл соңына дейін 2700 орынды 3 мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі, – деді.

Денсаулық сақтау саласындағы маңызды жұмыстар туралы облыстық мәслихат депутаты, партияның «Ұлт денсаулығы» қоғамдық кеңесінің төрайымы Гүлнар Кураметова баяндады. Оның сөзінше, адамдардың өмір сүру ұзақтығы, жүрек, қан тамыры, онкологиялық, жұқпалы аурулардың, ана мен бала өлімінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүруде. Туберкулез дертімен де күрес айшықты жүргізілуде.

Отырыс барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасова сөз алып, 39 нысанға жеке-жеке тоқталып, қаржыландыру мәселесін сөз етті. Депутаттардың белсенділігін анықтайтын жаңа ақпараттық жүйе жайында Гүлнар Қожағұлқызы баяндап, жасалған жұмыстардың сараптамасымен таныстырды. Отырыс соңында фракция мүшелері қаралған әрбір мәселеге орай өз ұсыныстарын жеткізіп, басқарма басшыларына сауалдарын қойды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы