ТҰРҒЫНДАР АМАНДЫҚ БАТАЛОВҚА СҰРАҚ ҚОЙЫП, БІРНЕШЕ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ

Уақыты: 30.09.2021
Оқылды: 1369
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық БАТАЛОВ қабылдау өткізді. Бірқатар аудандардың тұрғындары облыс басшысымен онлайн байланысқа қосылып, сұрақ-ұсыныстарын жеткізді. Сауалдар ауылшаруашылығы, жол, білім мен денсаулық сияқты маңызды салаларды қамтыды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қабылдауға өңірлерден 8 адам қосылды. Ең алдымен Талғар ауданынан сөз алған облыстық мәслихат депутаты Асқар Сүлейменов биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты малдың жем-шөбінің шығымы әдеттегіден төмен болғанын, соған байланысты бағасы көтерілгенін тілге тиек етіп, мал азығы құнын арзандату жөніндегі шара ретінде субсидия бөлуді сұрады.

Амандық Баталов биылғы қуаңшылыққа байланысты аудандарда малдың жем-шөбін уақытылы дайындауға көп көңіл бөлініп, қажет дегендерге Балқаш ауданынан шөп орып алуға жерлер ұсынылғанын айтты. Сол сияқты жетісулық бастамашылар Маңғыстауға шөп жөнелтіп, игі іс атқарғанын, оларға пойыз тасымалы жағынан көмек көрсетілгенін де атап өтті.

- Өткен жылы мал азығы үшін облыста 1,2 млрд.теңге бөлінген болатын. Биыл бұл қаржының көлемін ұлғайттық, 1,8 млрд.теңге қарастырылады, - деген А.Баталов облыстық экономика басқармасына субсидия бөлудің есеп-қисабын әзірлеуді тапсырды.

Келесі кезекте Райымбек ауданынан Нұрсалқан Әбділдаев байланысқа шығып, Көмірші ауылына дәрігерлік амбулатория қажет деген мәселе көтерді. Өйткені ауылда тұратын 700-ге жуық тұрғын ең жақын деген 25 шақырым жердегі Сарыжаз ауылындағы медициналық мекемеге қатынауға мәжбүр. Бұл мәселе бойынша да Амандық Баталов толыққанды жауап беріп өтті. «Райымбек ауданында 250 адам қабылдайтын емхана келесі жылы салына бастайды. Сіздердің Көмірші ауылына медпункт салып береміз. Оның жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын тұр. Жобаның құны - 134,2 млн.теңге. 2022 жылы құрылыс жұмыстары жүргізіледі», - деді облыс әкімі.

Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, зейнеткер Әбілбек Айтыхановтың айтуынша, 2020 жылы Шелек ауылдық ауруханасына жөндеу жүргізілген. Лифт қойылып, бірқатар заманауи қондырғылар орнатылған. Ендігі жерде ауруханаға компьютерлік томография сатып алынса деген ұсынысын жеткізді.

Амандық Ғаббасұлы жергілікті жерлерді қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз ету аса маңызды екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда бүгінгі күні облыстағы медициналық мекемелерді құрал-жабдықпен қамтамасыз ету 79%-тен 89%-ке жеткен. Шелектегі ауруханаға компьютерлік тамография сатып алу туралы мәселенің мән-жайынан хабардар еткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ө.Ниязбеков бұл мақсатқа 500 млн.теңге шамасында қаржы бөлініп, жабдық сатып алынғанын айтты. Жыл соңына дейін ауруханаға КТ аппараты орнатылатын болады. «Бұл жедел қан айналымы бұзылған науқастарға арнап осы ауруханадан нейроинсульт бөлімшесін ашуға мүмкіндік беретін шара ретінде ерекше бақылауымызда», - деді Өмірзақ Ниязбеков.

Сол сияқты Көксу ауданынан Сағымбала Төкенова Балпық би ауылында мектеп салу мәселесін тілге тиек етті. «Жері дайын, қарастырылған», -  дегенді де қосты. Жалпы қазір бұл ауылда екі ауысымда оқытатын 4 мектеп жұмыс істейді. Облыс басшысы өңірде 49 үш ауысымды мектеп бар екенін, бірінші кезекте мәселесі өзекті болып тұрған мектептерге басымдық берілетінін айта келе, Балпық би ауылынан мектеп салуға ЖСҚ дайындауға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Осы қабылдау барысында Кербұлақ ауданының тұрғыны Әсем Ілиясова «Сарыөзек-Көктал» тас жолының қиыршық тас төселген жолдарына асфальт төсеу мәселесін көтерді. Бұл жайында облыс әкімі Амандық Баталов «АлаЦем» цемент зауытының жүк көліктерінің ауыр салмақта жүк тасымалдауы салдарынан пайда болған жол ақауларын зауыт пен «ҚазАвтоЖол» мекемесі жөндейтінін айтты. Атап өтсек, «АлаЦем» зауыты жолдың күрделі жөндеу жұмыстары үшін 1,2 млрд.теңге «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға бөліп отыр.

Сондай-ақ Қаратал ауданы Кәлпе ауылынан Ерлан Сақбаев тұрғындардың ауылға спорт алаңын салып берсе деген тілегін жеткізді. «Биылғы Токио Олимпиадасында ел мерейін асқақтатқан спортшының бірі Игорь Сон – біздің ауданның түлегі. Осындай даңқты спортшы болуға талпынған балалар бізде көп. Соларға жағдай жасап, спорт алаңын салып берсеңіздер», - деді Е.Сақбаев.

Белгілі болғанындай, Кәлпе ауылын абаттандыру мақсатында спорт алаңының құрылысына жоба жасалған. Облыстық бюджет есебінен оған 178,6 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа беріледі. Облыс әкімі құрылыс саласының басшыларына жұмыстың мерзімінде әрі сапалы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.  

Ескелді ауданы Сырымбет ауылынан Бітімбай Бегалиев, Жамбыл ауданы Қазыбек бек бекетінен Әбден Есперов сауалдарын жолдады. Бірі Сырымбет ауылындағы ауыз су құбырын жаңарту, екіншісі Қазыбек бек бекетіне газ құбырын тарту мәселелерін жеткізді. Бұл проблемалар да өз кезегінде облыс әкімінің назарынан тыс қалмай, тиісті басқармаларға тапсырылды.

Мәселен, Сырымбет ауылын сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жобасы сараптамадан өткен. Оның құрылыс-монтаж жұмыстарына 413,6 млн.теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылы тамыздың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал Қазыбек бек бекетіне газ құбырын тартуға қатысты мәселе де жуырда қолға алынбақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"