АМАНДЫҚ БАТАЛОВ БІРНЕШЕ АЗАМАТТЫ ҚАБЫЛДАП, МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШІП БЕРДІ

Уақыты: 18.11.2021
Оқылды: 1437
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ жеке қабылдауына жазылған 8 азаматтың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне қажетті тетіктерді қарастырды. Онлайн форматта өткен жиынға аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, Жетісу жерінің әрбір өңірінде көтерілген көкейкесті мәселелермен танысты.

Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Досан Кәрімов табиғаты көркем Жетісу жерінде қарқын алған туризм саласының жетістігіне тоқталып, шипа сулы Алакөл көлінің жағалауындағы Ақши және Көктұма ауылдарына электр қуатының жетіспейтінін, сол арқылы тұрғындар мен шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне қиындық туындап отырғанын жеткізді.

Осыған орай, екі ауылдың электр желілерінің қуаттылығын арттыру жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұраған халық қалаулысына Амандық Ғаббасұлы туристер көптеп келетін Ақши және Көктұма ауылдарының кәріз жүйесі, ауызсуы, электр желісі сынды инфрақұрылымдық қажеттілігі біртіндеп қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтіп, электр қуатын арттыруға қажетті құрылғылар орнатудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалғанын, құрылғының қажетті қаржысы келесі жылдың бюджетіне кіргізілгенін, соған байланысты электр тапшылығын болдырмау жұмыстары қадағалауға алынғанын жеткізді.

Қарасай ауданына қарасты Жандосов ауылында 8 мыңнан астам адам тұратынын, ондағы барлық мәдени-бұқаралық іс-шара орта мектепте өткізілетініне тоқталған ән-күй пәнінің мұғалімі Айна Құдайбергенова шағын ауыл тұрғындарына Мәдениет үйінің аса қажеттігін, 1979 жылы салынған ауыл клубы 90-шы жылдары жекешелендіріліп, бүгін онда аяқкиім шығаратын «AFLEX» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орналасқанын атап өтті. Көтерілген мәселе «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасына кірген ауылдық Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұрғанын, Жандосов ауылының тұрғындары жаңа клубты алдағы 2023 жылы пайдаланатынын жеткізген облыс әкімі Кеген ауданының Қарқара өзенінен шығатын «Құмтекей» магистральды каналының ескіруінен егістіктерге су жетіспейтінін айтқан «Мади» шаруа қожалығының төрағасы Оразалы Омаровқа Жетісу жерінде жұмыс істеп жатқан суару желілерін жаңғырту бағдарламасы бойынша су арналарының бәрі жасалып, 138 мың гектар суармалы жер іске қосылатынын атап өтті. Сол бағдарламаға Кеген ауданы да кіріп отыр.

Соған байланысты келер жылдары «Құмтекей» магистральды су арнасын жаңарту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлдіруді ұсыныс ретінде басқармаларға беруді аудан әкімі Талғат Байеділовке тапсырды. Амандық Баталов Текелі қаласының тұрғыны Зоя Харисованы да тыңдады. Жан-жағын тау қоршап, табиғаты тамылжыған моноқала тұрғындарының таза ауызсудың зардабын тартып отырғанын жеткізген тұрғынның өтінішінен кейін Амандық Ғаббасұлы орынбасарлары мен құзырлы орган басшыларына тапсырма берді.

– Арнайы комиссия шығарып, тау өзенінің суын ластағандардың әрекетін тексерістен өткізіңдер! Тау беткейінің көркін қашырғандар жасыл өскін өсірсін! Өйткені, таудың топырағы ашылса өзеніне лай құйылады. Жаңбыр жауса, қар ерісе, лайлы тасқын өзенге түседі. Сөйтіп, моноқаланың ауызсуы ластанады. Шындығында тау өзенін құрықтап, СЭС салғысы келгендердің зардабы өлшеусіз болып отыр. Сондықтан арнайы комиссиямен барып, келген зардап пен кеткен шығынды қалпына келтірсін!

Одан соң Іле ауданы Жетіген ауылындағы №34 орта мектептің мұғалімі Еркежан Тұяқова үйлер салынып жатқан жаңа ықшамауданның электр қуатының әлсіздігін алға тартып, көмек сұраса Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылының 79 жастағы зейнеткер тұрғыны Амантай Айтбайұлы ұзындығы 98 шақырым болатын Жансүгіров–Матай облыстық тасжолына жөндеу жұмыстары қажеттігін, жол жасалса жергілікті халықтың Балқаш көліне баруы жақсаратынын айтып өтті. Екі тұрғынға да лайықты жауап беріп, қолдау көрсетілетінін жеткізген облыс әкімі Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында салынып жатқан тұрғын үйлерге жақында 90 отбасы кіретінін, алайда тұрғын үй кезегінде тұрған 1255 адамды баспанамен қамтамасыз етудің қандай жолдары болатынын сұраған аудандық мәслихаттың депутаты Әсем Ақылбековаға алдымен әкімге аудан орталығының Бас жоспарын сақтауды тапсырып, ретсіз салынған құрылыстар ауылдың көркін қашыратынын жеткізді. Соған байланысты аудандық мәслихат депутаты қадағалау жұмысын тоқтатпауы керектігін ескертті.

Қоғамдық қабылдауға жазылғандардың соңынан шыққан зейнеткер Жамал Құлахметова Сарқан ауданының Бірлік ауылында 1971 жылы салынған мектептің ескіргенін атап өтіп, 534 тұрғыны бар ауылдың 110 оқушысы 2 қабатты ғимаратта білім алып отырғанын және сол ғимаратта 25 орынды шағын балабақша орналасқанын жеткізді. Осыған орай жауапты мамандарды орнынан тұрғызған облыс басшысы келесі жаңа оқу жылында ауыл оқушылары жаңа мектепте білім алатынын жеткізді.

Жұртшылыққа қажетті тақырыптарды осылайша анықтап, тиесілі қаржы қарастыруды жауапты орынбасарларына тапсырған облыс әкімі қаржы, құрылыс басқармаларының басшыларына міндет жүктеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы