"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ ЕРІКТІЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 10.02.2022
Оқылды: 1717
Бөлім: МІНБЕР

Қаралы қаңтар оқиғасы тұсында тыныштықты күзеткен әскерилерге, ауруханаларда тынымсыз еңбек еткен дәрігерлерге ыстық тамақ тасып, қайырымдылықпен айналысқан еріктілердің жанашыр ықылас-пейілі ешқашан ұмытылмайды. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында азаматтық борышын адал атқарған еріктілер мен партия жақтастары марапатталып, естелік төсбелгі тақты.

Алдымен жиналғандарға сөз арнаған «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Гүлнар Тойлыбаева, Қазақстан Республикасы «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша төрағасы, толыстағы бірінші рангалық капитан Рахым Қырғабақов, облыс әкімі аппаратының «Шаруашылық басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, жеке кәсіпкер Дәурен Талипов қаралы күндерде қаза тапқандардың отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, еліміздің келер күндерінің жарқын, болашағының баянды болуына тілектестік білдірді.

Марапаттау кезінде «Әскери барлау ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің «Отан қорғаушының анасы» мерекелік медалі және облыстық «Nur Otan» партиясының Алғыс хаты қайғылы күнде қаза тапқан әскеридің анасы Бахыт Қорғанбаеваға табысталды. Одан соң облыс орталығы мен аудандарда өлшеусіз еңбек сіңірген 10 ерікті азаматқа «Әскери барлау ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан Патриоты» мерейтойлық төсбелгісі және облыстық «Nur Otan» партиясының Алғыс хаты берілді. Сондай-ақ, партия мүшелері мен белсенділері Алғыс хат еншіледі.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы