АМАНАТ - ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ҚАСИЕТТІ СӨЗІ. ПАРТИЯНЫҢ ЖАҢА АТАУЫ ӨТЕ СӘТТІ ҚОЙЫЛҒАН

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 1590
Бөлім: МІНБЕР

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен онлайн форматтағы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезінде өзекті мәселелер сөз болды. Оның ішінде, партия атауының өзгеруі көпшіліктің назарын аударды.

Қаңтардағы қасіретті басынан өткерген ел үшін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жаңа Қазақстанды құру үшін алдымен бас партияны модернизациялау - дұрыс шешім. Партия Төрағасы айтып өткендей, уақыт өтеді, бәрі жаңарады. Жаңа Қазақстанға қадам басып отырмыз. Партия атауы «Аманат» болып өзгерді.

Шыны керек, осы атауды таңдап, ұсынған адамдарға ризамыз. Бұл атау қазақта ең қасиетті сөз. «Аманатқа қиянат жасама» делінеді халық даналығында. Бұл атау қазіргі партия мүшелерінің, жаңару күтіп: «Жаңа Қазақстанда қалай болады?» - деп отырған қалың көпшіліктің де көңілінен шықты деп ойлаймын.

Съездегі Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті, болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет», – деген сөзінде үлкен мән жатыр. Осы бастамаларға береке-бірлік танытып, осы қазірден жүзеге асыру жұмысына кіріскеніміз жөн.

Қанат ДОСМАИЛОВ,

«Nur Otan» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Алматы облысы