ЖАҢҒЫРҒАН "АМАНАТ" ПАРТИЯСЫ ӨЗ МІНДЕТІНЕ ҚИЯНАТ ЖАСАМАЙДЫ ДЕП СЕНЕМІН

Уақыты: 01.03.2022
Оқылды: 2093
Бөлім: МІНБЕР

Бүгінгі күн ел өміріндегі елеулі кезең деуге болады. Осыдан 23 жыл бұрын дәл осы күнгі «Нұр Отан» партиясы құрылып еді. Міне, бүгін енді «Нұр Отан» партиясының атауын «Аманат» деп өзгерту мәселесі қаралды. Бұл - уақыт талабы.

«Nur Otan» партиясының ХХІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғырту туралы 7 тапсырма жүктеген еді. Біз содан бері аталған тапсырмаларды жергілікті жердегі ауыл тұрғындары, бастауыш партия ұйымдары арасында түсіндіру жұмысын жүргіздік. Бүгінгі партияның ХХІІ съезінде сол мәселе қаралып, біріншіден, партияның саяси кеңесінің мүшелері құрамына өзгеріс енгізілсе, екіншіден, партия атауын өзгерту мен алдағы атқарылатын жұмыстар анықталды.

Бүгінде Жаңа Қазақстан құру барысындағы ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын бәріңіз білесіздер. Демек, осы бағыттағы жұмыстарды нәтижелі орындау үшін, ең алдымен, еліміздегі көшбасшы партияның жұмысы жаңаруы керек. Осыған сай «Nur Otan» партиясының атауы бүгіннен бастап «Аманат» партиясы болып өзгерді. Бұл атауды делегаттар бір ауыздан қолдап шықты.

Бұл қадамды өз басым дұрыс деп есептеймін. Себебі, біз Жаңа Қазақстан құру және жаңа лекке ілесу үшін жаңашылдық керек. Мұны бүкіл қоғам талап етіп отыр. Халқымызда «Аманатқа қиянат жоқ» деген нақыл бар. Демек, жаңа атауға ие болған партия өз міндетіне қиянат жасамайды деп сенемін. Қайта бұл бастама еліміздің болашағын, мемлекетіміздің тұтастығын келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы аманатымызға бағдар беретін болады.

Айта кетерлігі, партияның ХХІ съезінде Президент партияның бірінші орынбасарын партияның атқарушы хатшысы деп өзгерту жөнінде ұсыныс айтқан еді. Осы съезде сол мәселе де қаралып, бекітілді. Сондай-ақ, партияның қоғамдық қабылдауын жетілдірудің жолдары айтылды. Осыған дейін партияда қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымы ғана қаралса, енді олардың ұсыныс-тілегі де қарастырылмақ.

Күләйхан ДӘУЛЕТБЕКОВА,

Ақсу аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Алматы облысы