ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖАСАМАҒАН. ПАРТИЯНЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАСЫ

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1568
Бөлім: МІНБЕР

Еліміздің бүкіл аймағынан 399 делегат қатысқан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі партияда үлкен бетбұрысты кезеңнің басталғанын анық көрсетіп берді.

Ұйымның жұмысын одан әрі жаңғырту бойынша басымдықтарды талқылау барысында партияның атауынан бастап бағыт-бағдарында нақты өзгерістердің уақыты әбден пісіп-жетілгені байқалды. Оны онлайн-форматта өткен жиынды тыңдағанда айқын аңғардым. Партияға осындай модернизация жасау қажеттігін толық қолдаймын.

Бұл орайда съезге қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқаны көңілімнен шықты. Мемлекет басшысы: «Партия барлық реформаға ұйытқы болуы тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның өзгеруі заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай, саяси ұйымның атауын «АMANAT» деп өзгерту ұсынылды. Бірнеше ұсыныс болды. Соның ішінен «АMANAT» деген атауға тоқталдық. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айырықша мәні бар киелі ұғым», – деді.

Қасым-Жомарт Кемелұлының егемендіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат екенін қадап айтуы әр адамның кеудесіндегі отансүйгіштіктің алауын жалындататындай ерекше әсер берді. Мен де осындай қастерлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз өте қажет деп санаймын.

Бұл, әсіресе, ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру міндетін мойнына алған біздің білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы үшін аса маңызды. Оның үстіне, әкімшілік орталығы басқа ауылда орналасқан, мемлекеттік мекемелерден емдеу орны мен жалғыз білім шаңырағы бар аядай ғана Тарғап ауылындағы мұғалімдер ұжымы үшін зор жауапкершілік жүктейді.

Сондықтан, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттілік, дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз, міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», – деуі барша отандастарымыз сияқты біздің шағын елді мекен тұрғындарының да ертеңгі күніміздің жарқын боларына сенімін ұлғайта түседі деп ойлаймын.

Сәуле ӘЛІМҚҰЛОВА,

Тарғап ауылдық орта мектебінің директоры,

Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты

Алматы облысы