ПАРТИЯДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР. ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРДЕГІ ЕҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒА

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1419
Бөлім: МІНБЕР

1 наурызда үлкен саяси оқиға болып саналар "Nur Otan" партиясының съезі өтті.

Жыл басынан бүкіл әлем назарын аударған Қаңтар оқиғасынан кейін қазақстандықтар арасында партия тарапына қатысты әртүрлі ақпараттар мен қауесеттер тарап, бас партияның таратылуы жайлы да ащы ұсыныстар болғаны белгілі. Бірақ ел игілігіне жұмыла әрекет етіп жүрген "Nur Otan" өз жұмысын жалғастырып, халық мүддесі үшін адал еңбек етуді тоқтатқан жоқ. Жаңа серпін, ерекше қарқынмен білек сыбана іске кіріскен партиямыз енді жаңа жобаларды іске асырып, ашық диалог алаңдарын құрып, қызмет көрсетуге бағытталған қоғамдық қабылдаулар өткізеді.

Съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары қарқынмен атқарылар жұмыстарды белгіледі. Төрағаның қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін жауапкершілік пен талапқа сай кадрлар қажет. Ресми дерек көзіне сүйеніп айтсақ, "Nur Otan"  партиясының негізін құрайтын 4500-ден астам бастауыш партия ұйымы бар. Бастауыш партия ұйымы жетекшілерінің рейтінгін партия жарнасының 20 пайызын қайтару арқылы нығайту жоспарлануда.

Партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды, көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды. Бастауыш партия ұйымының жұмысы кеңейіп, тиімді құралдары арқылы жүзеге асырылады. Партиямыздың басты бағыттарының бірі - ел әл-ауқатының жақсаруы мен мемлекетіміздің өркендеп-өсуі және қоғамдық келісім. Съезде көпті мазалап жүрген бірқатар мәселе айқындалып, жаңа бағыттар айтылды. Бұл – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға.

Еліміздің игілігі және мемлекетіміздің мүддесі жолында еңбегіміз жемісті болып, табысқа бірге жетейік.

Алмас БАЙҒОНЫСОВ,

Қаратал аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Алматы облысы