ОБЛЫСТА "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАЛАРЫ АУЫСТЫ

Уақыты: 02.04.2022
Оқылды: 1526
Бөлім: МІНБЕР

«AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының кеңейтілген отырысы өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ партия қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында берген тапсырмаларын орындау міндеті талқыланды.

Шарада сөз алған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Гүлнар Қожағұлқызы:

– «AMANAT» партиясының облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының отырысын өткізіп отырмыз. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе Президентіміздің ХХІІ съездегі берген тапсырмаларын іске асыру бойынша қаралады. Оның қатарына сайлауалды бағдарламаның орындалуын қадағалау, мониторинг жүргізу және тиісті мемлекеттік органдардың алдында мәселе көтеру, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосу сынды аса өзекті мәселелер жатады. Кеңес мүшелерімен бірігіп осы шараларды қолға аламыз, – деді.

Жиында күн тәртібіндегі негізгі 4 мәселе көтерілді. Бірінші сұрақ бойынша облыстық Саяси кеңес және Саяси кеңес бюро мүшелеріне сайлауалды бағдарламаның 7 бағыты, Жол картасының 126 көрсеткіші бөлінді. Екінші мәселе бойынша азаматтардың сеніміне ие, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, қоғамдық кеңес төрағалары жаңартылды.

Атап айтқанда, өңірді дамыту және экология мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағалығына Руслан Қожасбаев, Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңес төрағалығына Елдос Үшкемпіров, «Отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі және жұмыспен қамту, халықтың әлеуметтік осал топтары мәселелері жөніндегі» кеңес төрағалығына Серік Мұқанов, «Білім және денсаулық» мәселесі бойынша кеңес төрағалығына Қуат Баймырзаев тағайындалды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Қуат Сұлтанғазиевтің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты депутаттық мандатқа Нұрбол Әлиев ұсынылды.

Кәмилә ТҰЯҚОВА

Алматы облысы