"AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ. КЕЙБІР ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛМАЙ ЖАТЫР

Уақыты: 15.04.2022
Оқылды: 3538
Бөлім: МІНБЕР

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен аудан, қала әкімдерінің, басқарма басшыларының қатысуымен облыстық мәслихаттағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының жиыны өтті. Фракция жетекшісі, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Гүлнәр Тойлыбаева күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып, баяндамашыларға сөз берді.

Лаззат Махатұлы «Amanat» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасының» 2021 жылғы қорытындысымен таныстыра келе іске аспаған іс-шараларға да тоқталды.

- Сайлауалды бағдарламаның облыстық, қалалық және аудандық «Жол картасындағы» 2110 іс-шара мен көрсеткіштердің 1349-і орындалды, 114-і орындалу сатысында, 647-сі бойынша орындалу мерзімі келген жоқ. Облыстық «Жол картасындағы» көрсетілген 2 іс-шара орындалмады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қаржыландыру лимитінің қысқаруына байланысты жоспарланған 23 объектінің ішінен 2 мектеп бойынша жұмыстар аяқталған жоқ. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму саласында бір іс-шара орындалмады. Аудан және қалалық «Жол картасы» бойынша 21 шара жүзеге аспады, – деп кейбір жобалардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленбей қалғандары бар екенін, көбіне инвестициялық жобалардың орындалмай қалғанын, мемлекет тарапынан төленетін қаржыны тек іске асатын дайын жобаларға бағыттап, болашақта кемшілік жібермей сапалы жұмыс жүргізуге шақырды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың сөзінше, «Жол картасының» барлық тармақтарының орындалуына тексеру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін әлеуметтік-экономикалық бағытты ескере отырып, оның 2022-2025 жылдарға арналған көрсеткіштерін түзету бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонмен қатар, «Жол картасын» орындау қатаң бақылауда.

Жиын барысында Талдықорған қаласындағы 5 шақырым сумен жабдықтау желісін қайта жаңарту, Ақсу ауданы Сағабүйен ауылындағы Тоқтаров атындағы, Талғар ауданы Талғар қаласындағы №3 мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары жайында тиісті басқарма басшылары жауап берді. Әрмен қарай облыс аумағында жоспарланған медициналық пункттердің құрылысына қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Лейла Серікбаева:

- 2025 жылға дейін 100 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. 2021 жылы 23 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 3 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 2021 жылы тез тұрғызылатын модульдік кешендерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,0 млрд. теңге сомасында қаражат бөлінді, оның негізінде медициналық пункттер ашу жоспарланған болатын. Құрылыс материалдарының қымбаттауына, сондай-ақ, жеткізушілердің болмауына байланысты бұл кешендер сатып алынбады. 2022 жылы 24 медициналық пункт үшін БМК орнатуға 1,2 млрд. теңге сомасында ақшалай қаражат бөлінді, олар аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне берілді, – деді.

Қаратал ауданындағы орындалмаған нысандар бойынша аудан әкімі Ерлан Исабеков, облыстық «Жол карта» шеңберінде 2021-2022 жылдарға арналған құрылыс жұмыстарының барысы және 2022 жылға жоспарланған құрылыс бойынша облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Османбаев баяндады. Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты қаулы қабылданып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берілді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы