"AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ СЪЕЗІНЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНАН 30 ДЕЛЕГАТ ҚАТЫСАДЫ

Уақыты: 24.04.2022
Оқылды: 1435
Бөлім: МІНБЕР

26 сәуірде «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтеді. Осыған орай Алматы облыстық партия филиалының Саяси кеңесінің кезектен тыс отырысы өтіп, съезге делегат ретінде қатысатындардың аты-жөні анықталды.

Саяси кеңестің кезектен тыс отырысын ашып, жүргізіп отырған облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Гүлнар Тойлыбаева жиынға 29 кеңес мүшесі қатысып отырғанын жеткізіп, күн тәртібінде қаралатын жалғыз сұрақ – «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезіне облыстан қатысатын делегаттардың ашық дауыс беру арқылы сайланатынын айтты.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Ораловқа берген тапсырмаларының орындалу барысын әңгімелеген модератор Жетісу жұртшылығымен өткен кездесулердің нәтижесін, қоғамдық қабылдаулардың жұмысын баяндады.

Оның айтуынша, наурыз айының 17-сінен бастап облыс аумағында өткен мобильді қоғамдық қабылдауға жазылған 97 адамның отызына кеңес беріліп, 67 адамның өтініші қарастырылуда. Сондай-ақ, саяси ұйымның «Ашық партия» тұжырымдамасы аясында «Talqylau» диалог алаңы іске қосылып, жергілікті жұртшылықпен байланыс орнатылған. Одан да бөлек тиімді жұмыстар баршылық.

Сонымен, 26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында онлайн режимде өтетін «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезіне Алматы облысынан 30 делегат қатысатыны, оның алтауы «AMANAT» партиясының республикалық Саяси кеңес мүшелері болса, қосымша шақырылған 2 адам «ADAL» партиясының мүшелері екендігі белгілі болды.

Ашық дауыс беруге қатысқан Саяси кеңес мүшелері осылайша съезд делегаттарына қолдау танытты.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Алматы облысы