Талдықорғанның тарихы қай ғасырдан басталған?

Уақыты: 12.09.2024
Оқылды: 288
Бөлім: МІНБЕР

Биыл жер жәннаты Жетісудың бас шаһары Талдықорғанның қала мәртебесін алғанына 80 жыл. Тарихи дерек көздеріне жүгінсек, абыз қаланың алғашқы іргетасы 1200 жылдан бұрын қаланған. Оған қатпары қазынаға толы сан ғасырдан сүбелі сыр шертетін құнды мұрағаттар мен  жан-жақты зерттеулер дәлел.

Шаһардың өткенімен бүгіні жайында өз ой –пікірлерімен бөліскен Талдықорған қаласының танымал ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Мұрат Қалықовтың сөзінше, халқымызда  «Құжатсыз тарих, өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» деген аталы сөз бар. Бүгінде тамыры тереңде жатқан Талдықорған қаласының тарихы туралы ақиқатты бүкпесіз әрі анық айтуға тура келеді. Өйткені, жастар туған аймағының сырына қанығып, тарихымен сусындап өсуі тиіс.

 – «Осыдан біраз жыл бұрын мен қалалық ардагерлер ұйымын басқарып жүрген кезде аймағымыздағы кейбір өзге ұлт өкілдері Талдықорған қаласының тарихы кешегі Кеңес Одағы дәуірінен басталады деген жаңсақ ұғымда болды. Осыған сай, біздің ардагерлер ұйымының бастамасымен қала тарихы туралы бір кітап шығару жұмыстарын қолға алдық. Осы орайда ұзақ ізденген біздің тарихшылар Талдықорғанның түп тамыры сонау 8-9 ғасырдан басталғанын тіпті, 1200 жылдан арыда жатқанын дәлелдеп шықты. Нақтырақ айтсақ, бұрын бұл шаһар «Екі оғыз», «Талды» деген  атаулармен жұрт жанында сақталған. Кейін «Талдықорған» атауымен аталды. Дәл осыған байланысты қазір біздің қолымызда ешкім таласа алмайтын нақты деректер мен дәлелдер бар.  Бұл туралы Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің атсалысуымен бірнеше кітап та жарық көрді.  Ондағы зерттеулердің шынайы әрі дәлелді екені жайында елімізге танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев те өз пікірін білдіріп, баса айтқан болатын. Жалпы  аталған кітаптардағы мәліметтер біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте құнды. Одан өскелең ұрпақ өмірдің өткені мен бүгінінен өрелі ой түйіп, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, ел мен жердің тарихи атауы жөнінде көптеген тың мағлұматтарға қаныға алады», –деді қария.

Ал, қарт қаламгер Әли Ысқабаевтың айтуынша, бүгінде Жетісу жеріндегі кейбір адамдар арасында Талдықорған бұрын «Гавриловка» деп аталған деген жансақ ұғып қалыптасқан. Оның да өз дәлелі бар. Нақты деректерде, 1868  жылдың күзінде Ресейдің Воронеж губерниясынан алғашқы қоныс аударушылар көшіп келе бастайды. Олар Талдықорғанға қоныстандырылып, Қаратал өзенінің жағалауынан жер телімдерін бөліп берілген. Қоныстанушылар тұрақтаған жер «Мойна хуторы» деп аталған. Күндердің бірінде сол «хутордан» жер алып ағайынды Гавриловтар деген кісілер келіп ірге тебеді. Ағайындылар «хуторда» жүн, тері қабылдап, өңдеп, ондан түрлі тоқыма киімдер мен тері тондар шығарады. Қосымша самогон қайнатып, оны сатумен айналысады. Жергілікті малшылар күз және көктемде мал терілерін Гавриловтарға апарып өткізіп, ақшасына азық-түліктер мен басқа да керек-жарақтарын сатып алып қайтады екен. Жол-жөнекей жүн-тері өткізушілер жолыққандардың «Қайда барасың?», «Қайдан келесің?» деген сауалдарына «Гавриловқа бара жатырмын», «Гавриловтан келемін», — деп жауап беретін болған. Осылайша, Гаврилов атауы жұрт арасына кең тарап кеткен. Кейін патшалық Ресей өздерінің отарлау саясатын қолданып  қазақ жеріндегі ауыл- аймақтардың атауын өзгертуіне байланысты 1896 жылдан бастап Талдықорған атауы «Гавриловка» селосы деп өзгертілген. Кейін, яғни, 1921 жылы Қапал уезінің орталығы Талдықорғанға көшіріліп, бұрынғы «Талдықорған» атауы қайтарылған. 

Белгілі профессор, Жетісу үниверситетінің білікті ұстазы Мұратбек Иманғазиновтың сөзінше,  Жетісу және Талдықорған қаласының орта ғасырлық тарихы туралы тамаша деректер көп.  Киелі Жетісу жұрты негізінен  Іле, Ақсу, Көксу, Қаратал, Лепсі, Сарқан және Тентек өзендерінің бойына орналасқан. Бұл қолайлылық мұндағы халықтың ежелден мал және егін шаруашылықтарымен шұғылданып келгенін айқын аңғартады. Оның үстіне «Ұлы Жібек жолы» кезінде Жетісу өңіріндегі қалалар мен керуен-сарайларының көбеюіне түрткі болған. Мәселен, VI ғасырда Жетісу өңірінде 56 қала болса, Х-ХІ-ғасырларда оның саны 200-ге жеткен. Соның ішінде Талдықорған қаласының орта ғасырлық тарихында «Ұлы Жібек жолының» Іле жазығы арқылы солтүстікке бағыт алуы ерекше маңызды. Талды қаласы екі бөліктен тұрады. Солтүстік бөлігі 60х75метр, қабырғаларының қалыңдығы 4-5 метр. Төрт бұрышында жан-жағын бақылайтын қарауыл орналасқан. Ал, оңтүстік-шығыс қабырғасының қалыңдығы 6-9 метрлік дуалмен қоршалған. Сол кездері шаһар жұртын 250 шағын шаруашылық отын-су, тиісті азық-түліктермен қамтамасыз етіп отырған. Міне, бұл айғақтар елімізге белгілі зерттеушілермен тарихшылардың еңбектерінде анық атап көрсетілген.

 – «Жалпы жоғарда аталған тарихи кезеңдерді бастан өткерген Талдықорған қаласына 2001 жылы облыс орталығы мәртебесі берілгеннен кейін шаһар жаңа бір даму сатысына қадам басты. Бүгінде қала сәні мен салтанаты жарасып жан-жақты өсіп-өркендеуде. Болашағы жарқын қасиетті қаланың алда бұдан да биік белестерді бағындырары анық», – дейді танымал тарихшы.

Айдын КӘЛІМХАН

Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ