Елімізде атом электр стансысын салу жөніндегі бүкілхалықтық референдумның өтетін уақытына да санаулы күндер қалды. Халықтың таңдауына тасталған бұл мәселенің ел болашағына, мемлекетіміздің экономикалық дамуына тигізер пайдасын бұқараға түсіндіру – уақыт талабы.
Жалпыұлттық референдум еліміздің Ата Заңының талаптарына сәйкес тағайындалды. Яғни, ҚР Конституциясының 44-бабының 10-тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Заңының 18-бабына сәйкес 6 қазанда атом электр стансысын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Бұл істің ойдағыдай жүзеге асуы үшін еліміздегі барлық саяси партиялар мен топтар, қоғамдық ұйымдар халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бірден кірісіп кетті.
Бұл істе әдеттегідей «Аманат» партиясы ерекше белсенділік танытып келеді. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Қожасбаев, Болат Керімбек, Амангелді Толамисов және «Аманат» партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын Панфилов ауданына арнайы іссапармен келіп, елімізде атом электр стансысын салудың стратегиялық маңызы мен ел тіршілігіне беретін берекесі жөнінде әңгіме өткізіп, Жаркент өңірінің тұрғындарын алдағы референдумға белсенділікпен қатысуға шақырды.
«Аманат» партиясының Сенат пен Мәжілістегі фракцияларының мүшелерінен құрылған ақпараттық-түсіндіру тобы жандарына жергілікті референдум өткізуге байланысты құрылған штабтың мүшелерін ертіп, Жаркент өңіріндегі еңбек ұжымдарына жеке-жеке барып сұхбаттасты. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Төлендіұлы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы «KTZE – KHORGOS GATEEWAY» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесуді өңірде құрылған халықтық штаб мүшесі, «Аманат» партиясы Панфилов аудандық филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаев жүргізіп отырды.
Басқосуда ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев атом электр стансылары туралы, халық қолдаса елімізде салынатын ерекше тиімді қуат көзінің қауіпсіздігі, оны пайдаланудағы ғылыми негіздер мен жергілікті шикізат қорлары және қолданыс мерзімі жөнінде жалпыға түсінікті жалпақ тілмен жан-жақты саралап айтып өтті. Депутат жиынға қатысушыларды жаңалыққа жатырқап қарамай, атом отынының бейбіт өмірдегі қауіпсіздігі мен тиімді қуат көзі екендігін түсіністікпен қабылдап, еліміздің болашақ бақуатты тіршілігі үшін алдағы референдумға қалыс қалмай қатысып, өз таңдауларын жасайтындарына сенетіндігін жеткізді.
Жиында референдумға дайындық жөнінде өңірде құрылған арнайы халықтық штаб мүшелері Серікбай Көбелеков пен Азат Жақыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларды алдағы референдумға белсенділікпен атсалысуға шақырды.
Осындай жүздесу Жаркент қаласындағы Х. Хамраев атындағы орта мектепте де өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Амангелді Толамисов барып, мектеп ұжымы мен қала тұрғындарына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда атом электр стансысын салудың қажеттілігі мен тиімділігі жөніндегі ой-тұжырымдарын сараптап, саралап айтып өтті.
– Болашақта елімізде электр қуаты тапшылығының тауқыметін тартпау, электр қуаты үшін өзге мемлекеттерге тәуелді болмаудың жолы атом электр стансысын салумен байланысты. Мамандардың тұжырымдамасы бойынша, атом электр стансысының қалдығы газ бен көмірге қарағанда қоршаған ортаға әлдеқайда зиянсыз. Пайдаланылған атом отынының қалдықтарын одан әрі пайдаға жаратуға болады, – деді ол.
Депутаттың ортаға салған ойларын өңірдегі халықтық штаб мүшелері Елтай Қожақов, Азат Гайтов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Шоқпаров, Х. Хамраев атындағы орта мектептің директоры Зинатбүбі Баратова, физика пәнінің мұғалімі Гүлнар Зайнамова қолдап, өз пікірлерін ортаға салды.
Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек және «Аманат» партиясының облыстық филиалының төрағасы, облыстық халықтық штабтың төрағасы Арыстанғали Арын ел шебіндегі халықаралық Алтынкөл теміржол стансысының ұжымымен жүздесті. Мұндағы жиынды облыстық мәслихаттың депутаты, аудандағы халықтық штаб мүшесі Ризван Сакиева ашып, жүргізді. Еркін фарматтағы басқосуда Астанадан, облыс орталығынан келген үгіт-насихат тобының мүшелері түгел сөз сөйлеп, елімізде АЭС салудың маңызы мен тиімділігі жөніндегі ойларын ортаға салып, алдағы референдумға халықаралық стансы ұжымы да түгел қатысатынына сенімдері артып қайтты.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы