БАҒДАРЛАМА БАРЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1405
Бөлім: МІНБЕР

   Еліміздің әрбір аймағының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуі, өсуі мемлекеттің дамуына апарады. Сондықтан да елімізде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы қолға алынып, көптеген игілікті істер атқарылуда. Бағдарламаның жүзеге асырылуын «Нұр Отан» партиясы өз қадағалауына алған. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалында «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының барысы туралы есеп тыңдалды.

 

   Өңірді ауызсумен, газбен қамту сынды өзекті мәселелерді қозғаған алқалы жиынды партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев ашып, жүргізіп отырды. Облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, облыстық мекеме басшылары, кәсіпкерлер бөлімінің мамандары мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партиялық топ жетекшілері қатысқан отырыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Амирханов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет    Қанағатов кезекпен баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды.
– Бағдарламада көрсетілген міндеттерге сәйкес өңірді ауызсумен, жылумен, электр энергиясымен, газбен, тұрғын үймен жабдықтау өте ауқымды мәселе, – деген Ғалиасқар Сарыбаев баяндамашыларға сөз кезегін берді.
– «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының негізгі бағыты халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту, салу бойынша 8,1 миллиард теңгеге 49 жоба жүзеге асырылуы тиіс, – деді өз есебінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов. – Соның арқасында облыстағы елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 90%-ды құрайды немесе 664 елді мекенді қамтиды. Биыл бағдарлама аясында жылумен қамту бойынша 4 жобаны (Талдықорған қаласында 2 нысан, Алакөл ауданында 1 нысан, Сарқан ауданында 1 нысан) жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 604,8 миллион теңге бөлініп отыр. Жоба бойынша 8,3 шақырым жылу желісі салынады және жөнделеді. Бүгінгі таңда облыстағы елді мекендерді газдандыру деңгейі 26,2%-ды құрайды. Атап айтқанда 718,5 мың адам тұратын 123 елді мекен газдандырылды.
   Партиялық тыңдауда облыстық мәслихат депутаты Ермек Келемсейіт облыстың барлық аймақтарында қоқыс қалдықтарын тазалап,  қоқысты қайта өңдеу зауыттарының құрылысын қолға алуды ұсынды.

М. ӘСЕТҰЛЫ