Бұл – биліктің міндеті деп ойлаймын

Уақыты: 04.11.2024
Оқылды: 333
Бөлім: МІНБЕР

Қазір аутизммен ауыратын балалар көбейіп барады. Көп аналар науқас баласын Ташкенттегі клиникаларға емдетуге апарып жүр.

Бізде ерекше балаға диагноз қойылған күннен жалғыз қаласың. Балаңды үйде қамап ұстайсың ба, ақылы орталыққа апарасың ба, Тәшкенге сүйрейсің бе, өзің білесің. Ерекше аналардың көбі ғажайыпты іздейді. Соңғы тиынын берсе де жарнамасы жер жарған маманға апаруға тырысады. “Ойбай, Тәшкенде арзан екен, бір ай укол алып, баласы сөйлеп кетіпті” дегенді естіп алады да, сол жаққа тартады. Баласынан ештеңені аямайтынын білген кей қулардың мұны бизнеске айналдырып алғаны бөлек әңгіме.

Баласын сүйреп жүрген аналарды мүлдем сөкпеймін. Себебі олар не істерін білмейді. Сондықтан мұндай отбасылар шарлатанға ақшасын беріп, уақытын жоғалтпас үшін мемлекет бағыт-бағдар беретін орталық ашу керек. Әр балаға диагнозына қарай жеке бағдарлама жасалуы тиіс. Сен мына маманға, мына орталыққа апар деп жол көрсетсін. Реаблитация, коррекциялық орталықтарға айлап, жылдап кезек күтпеуі тиіс.

Ерекше баланың анасын торығу жайлайды. Онсыз да итшілеген өмірден шаршап жүрген жан түнімен ұйықтамайтын, айтқаныңды ұқпайтын баламен алысып, жынды болады. Мемлекет осындай отбасыларды алға жетелеп, үміттендіруді тездетіп қолға алуы тиіс. Бұл - биліктің міндеті деп ойлаймын.

Материал: Гүлбану Әниятқызының ӘЖ парақшасынан алынды

Фото: shutterstock