IT ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛДЫ

Уақыты: 05.06.2018
Оқылды: 1357
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен Талдықорған қаласындағы агротехникалық және политехникалық колледждер арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы аясында білім ордаларында ІТ орталықтары ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының өкілдері, колледж директорлары мен оқытушылар, облыстық білім басқармасы, орталыққа оқуға келген мұғалімдер қатысты.
Алдымен сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев IT орталығының маңыздылығына тоқталды.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы еліміз  бойынша 1000 тегін ІТ сынып ашу жобасын қолға алып, сол бағытта жұмыс істеуде.  Облыс бойынша 21 ІТ сынып ашылмақ. Екі жылда 8100 бала мен 50-ге жуық ІТ маманды даярлау жоспарлануда. Мақсат – балаларға бағдарламалау мен робототехника негіздеріне үйрету.  Сондай-ақ, оларға қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру. Бұл игі бастама партияның «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қосқан үлесі деуге де негіз бар, – деді ол.
Иә, бір жақсысы, аталған орталықта жас ерекшелігіне қарамастан ниет білдіруші барлық азаматтар цифрлық сауаттылықтарын арттырып, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы веб-бағдарламаларды жасақтауды үйренеді. Бұл жобаға жастарды және жұмыссыздарды тарту шаралары да алдағы уақытта іске аспақ.
Колледждің IT орталығы – дербес құрылымдық бөлім. Ол ақпараттық және қолданбалы тәртіп жөніндегі оқу процесін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, колледждің ақпараттық жүйелерін қолдау қызметін жүзеге асырмақ. IT орталығы өз қызметінде Қазақстан Республикасының заң шығару актісін, ҚР Білім министрлігінің нормативтік-құқықтық құжаттарын, колледждің директорат және кеңес шешімдерін, директордың бұйрықтарын басшылыққа алады.
Шара барысында политехникалық колледж директоры Ерқанат Мұқажанов орталықтың жастарға үлкен серпін беретінін тілге тиек етті.
– Жаңадан ашылған орталықта  IT саласына қатысты мамандар оқытылып, жаңа технологиялармен қамтамасыз етілетін болады. Болашақта осы IT орталықтар негізінде жастардан жаңа идеялар, жобалар жинақтап, жас ғалымдар қалыптастыруымызға да мүмкіндік мол. Осы орайда, игі іске мұрындық болған «нұротандықтарға» алғыс айтқымыз келеді, – деді Ерқанат Биғалиұлы.
Аталған жобалар партияның «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі болмақ. Жаңа партиялық жобалар еліміздегі стратегиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға жүйелі түрде қатысуға, білікті кадрлар тобын қалыптастыруға және заманауи технологияларды қолдануға бағытталған.

Мұхтар КҮМІСБЕК