ЕҢБЕК ЕР АТЫН ШЫҒАРАДЫ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 1348
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының кезекті ХVІ есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Аталмыш жиынды басқарып, жүргізіп отырған білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аймақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров әуелі конференцияның мәні мен мазмұнына тоқталып өтті. Одан кейін ол:
– Қазақ халқының тұңғыш ағартушы, педагогы Ыбырай Алтынсарин: «Маған бәрінен де мұғалім қымбат, өйткені ол – мектептің жүрегі», – деп ұстаздың қоғамдағы рөлін айқындап, көрсетіп берді. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, оларды келешегіміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу – әр ұстаздың ең басты міндеті. Ал ұстаздың сол басты міндетін абыроймен атқаруына қолдаушы болатын – кәсіподақ, – дей келе 2014-2018 жылдары ұйымның атқарған жұмысының есебін беріп, келер бес жылдықтағы мақсаттар мен міндеттерге тоқталып өтті.
Өз кезегінде қоғамдық белсенділіктің қаржылық шаруашылығы турасында тексеру комиссиясының мүшесі Татьяна Ногтаеваның есебі тыңдалса, Ескелді ауданындағы Н. Алдабергенов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі О. Сибирякова, «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» байқауының жеңімпазы Р. Ыдрысов, ХVІ есеп беру-сайлау конференциясында делегат М. Айнабеков сынды бірқатар азамат жиынның жұмысын жоғары бағалап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында Қ. Байсейтов атындағы Талдықорған саз колледжінің директоры Әділхан Адырбаев, Кербұлақ ауданы Д. Қонаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Марат Айнабеков,           І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті кәсіподақ комитетінің төрағасы  Ерлан Хаймулданов, Ескелді аудандық кәсіподақ комитетінің бухгалтері Гүлнар Байсақовалар «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Оған қоса бірқатар азамат кәсіподақтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. 

АРДА БИ