МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 12.02.2019
Оқылды: 1426
Бөлім: МІНБЕР

«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кабинетіне ақыл-кеңес алу үшін келгендердің қатары күн санап көбейе түсуде. Сол арқылы әлеуметтік көмекке зәру отбасыларға көмек қолын созып, ел ішіндегі мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қайтара бір жаңғыртарымыз анық.

Біздің партия филиалының қоғамдық қабылдау кабинеті ақыл-кеңес сұрап, қажеттілігін айтып келушілердің ешқашан босаған емес. Солардың көпшілігіне мүмкіндікке қарай лайықты көмек көрсетілді. Мысалы, биыл қоғамдық қабылдау кабинетіне келген Талдықорған қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Ирина Тұрсынбекова мүмкіндігі шектеулі баласына мектептен тегін тамақтануға жеңілдік және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен жәрдемақы алатын болды.

Үшінші сынып оқитын немересіне тегін тамақтануға жеңілдік сұрастырған қала тұрғыны Маржангүл Жасымбаеваға, жұмыссыздықтың зардабын тартқан Жанар Байбатыроваға нақты қолдау жасалып, қажетті көмек көрсетілді. Мұндай әлеуметтік көмек Жетісу жерінің барлық аудандары мен қалаларында тұратын мұқтаж жандарға көрсетіліп келеді. Мәселен, Үштөбе қаласында тұратын Жанар Түбекбаева есімді анаға отын мен көмір түсіріліп, жергілікті демеушілердің қолдауын алды. Ал, Текелі қаласының мүгедек тұрғыны Александр Сидиковке моноқаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақтолқын Ысқақова қолдау жасап, қажетті құрал-жабдық, гигиеналық заттар мен жеке көмекші қызметі берілуіне ықпал етті.

Міне, халық пен биліктің арасына алтын көпір қызметін атқарып, мұқтаж жандардың мұңын жоқтаған «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау кабинетінен басталған кездесулердің нәтижесі осындай. Бұл мыңдаған қайырымдылықтың кішкентай бір бөлшегі. Өйткені, жасаған жақсылығын жасырып, қылған қайырын әйгілегісі келмейтін адамдар елімізде көптеп саналады. Олардың бәрі де ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуіне үлес қосқан жандар.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары