АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМА НӘТИЖЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 27.11.2019
Оқылды: 970
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Партия тарапынан 10 айда атқарылған жұмыстың қорытындысы және басқа да мәселелер қамтылған жиынға Саяси кеңес бюросының мүшелері, партиялық кураторлар, облыстық мәслихат депутаттары, департамент, басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Садық Әбдіқадыров баяндама жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің іске асырылуы жөнінде ақпарат ұсынды.

– Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау мақсатында арнайы қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Бірінші бастама бойынша «7-20-25» бағдарламасы аясында облыста пайдалануға берілген тұрғын үйдің пәтерлерін сату бойынша барлық жеке құрылыс салушылармен меморандумдар жасалды. Биыл қол қойылған меморандумдарға сәйкес салынған 40 үйдің немесе 1778 пәтердің (68,2 мың шаршы метр) 487-сі сатылады, – деген Садық Нұрсапаұлы әр бастамаға жеке-жеке тоқталып өтті.

Екінші мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Серік Мұқанов:

– Жемқорлыққа жол бермеу үшін аймақта көптеген жұмыс атқарылуда. Мәселен, қыркүйек айында аймақтық және аумақтық партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері жаңартылды. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыруға бағытталған бағдарлама бойынша жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылып, өз жұмысын жандандыру үстінде, – деді.

Отырыста партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, аталмыш комиссияның мақсат-міндеті мен он айда атқарған қызметін баяндады. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша партияның сайлауалды бағдарламасының «Индустриялдық даму», «Жоғарғы технологияларды дамыту», «Аграрлық сектор», «Мемлекеттік қызмет көрсету» және «Аймақтық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес» бағыттары бойынша партиялық кураторлар жыл басынан бері іске асқан жұмыстардың есебін берді.

Бюро отырысының қорытындысы бойынша қаулы қабылданады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ