"КЕЗЕК ЖЫЛЖЫМАЙДЫ": ПАРТИЯДА ТҰРҒЫНДАР ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

Уақыты: 14.03.2020
Оқылды: 771
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастырды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына орай өткізілген қоғамдық қабылдауға жазылған 9 адамның сегізі келді. Олардың көпшілігі жекебастың мәселесін көтерсе, екі тақырып көпшілікке қатысты болды.

Қабылдауға алғашқы болып кірген Талдықорған қаласының тұрғыны Нұрбатыр Күнчаев облыс орталығындағы бір көшеге әкесі, соғыс ардагері Серғали Күнчаевтің есімін беру өтінішін айтса, қала тұрғыны Гүлсім Әбілмажинова 2014 жылы «Болашақ» шағынауданынан алған екі бөлмелі пәтерді жекешелендіре алмай жүргенін, Жанна Әбзелбаева тұрғын үйдің кезегіне тұрған анасы Айнабала Әбзелбаеваның кезегі жылжымайтынын алға тартты. Осыған орай биыл көшелер мен елді мекендерге атау беруге мораторий жарияланғанын жеткізген Амандық Ғаббасұлы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерді тек қалдық құнымен жекешелендіруге рұқсат етілгенін, үйдің кезегі заң бойынша ғана жылжитынын жеткізді.

Одан кейін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы – облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына кірген Іле ауданының тұрғындары Зарина Құмышева мен Эльмира Жабағатаева «Автомобилист» саяжайындағы тұрғындар санының жыл санап өсіп келе жатқанын, соған орай елді мекенге ауыл мәртебесін беру қажеттігін жеткізді. Өйткені, өскелең ұрпаққа мектеп керек, жолы жөнделіп, автобустар жүргізілсе дегенді айтқан қос ананың сұранысын қамтамасыз етуді жауапты орынбасарлары мен облыс әкімі аппаратының басшысына, Іле ауданының әкіміне тапсырды.

Қарасай ауданынан келген Индира Бекбатырова мен Руслан Воробьев өздерінің балалар үйінде тәрбиеленгендерін, соған орай тұрғын үй алуға берген өтініштері тезірек ескерілсе деген мәселені алға тартты. Осыған орай Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаевқа тапсырма жүктеп, мәселенің дұрыс шешілуін қадағалауды «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаевқа тапсырған Амандық Ғаббасұлы Көксу ауданының тұрғыны Жаңылхан Кильчибаеваны тыңдады.

Оның айтуынша, «Олимп» букмекерлік кеңсесінде кассир болып істеген қызы Ажар Серғазинова 3 ай бойы қамауда отыр және алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топқа ешқандай қатысы жоқ. Осыған орай қызын кепілдікке болса да босатуға көмектесуді сұраған Жаңылхан ананың өтінішіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Сәлімбай Шунеев заң аясында көмектесуге болатынын жеткізді.

Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылынан келген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Айгүл Туаршиева өзін орта мектеп директоры жұмыстан негізсіз шығарып тастағанын, соған орай соттасып, жеңіліп қалғанын, ешкімнен көмек көрмегенін айтып, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы – облыс әкімі Амандық Баталовтан әділдік сұрап келгенін, зейнет жасына дейін жұмыс істеуге мүмкіндігі барын жеткізді.

Мәселеге орай облыс әкімі аппаратының басшысына, білім басқармасы басшысының орынбасарына тапсырма берген облыс әкімі ұзақ жылдық тәжірибесі бар ұстазды соншалықты сергелдеңге салудың дұрыс еместігін алға тартып, жұмысқа орналастыруды тапсырды. Мәселені «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы бақылауда ұстайды.

Қоғамдық қабылдаудың соңында анасы Үрбіш Қапсаламованың айтуымен келген Жандос Бауыржанұлы өзінің Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының лор дәрігерінің біліксіздігінен зардап шеккенін, гайморит ауруына сәтсіз жасалған операцияның кесірінен мұрын қуысындағы аурудың миына шауып кеткенін айтып, көрген қиындығы мен қорлығын жайып салды.

Соған орай облысқа қарайтын аурухананың лор бөлімшесі меңгерушісінің үстінен бірнеше рет шағым түсіргенін, алайда нәтиженің жоқтығын алға тартты. Себебі, өз ісіне немқұрайды қараған хирург скальпельдің қорабын науқастың мұрын сүйегін қалпына келтіретін пластина ретінде қолдануынан ауру асқынып кеткен. Тақырыпқа қатысты Ұйғыр ауданынан келген Гүлмира Абирова да құлағына жасалуы тиіс операциядан зардап шегіп, бет әлпетінің қисайып қалғанын айтты. Мәселеге байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқаққа тапсырма берген облыс әкімі Амандық Баталов қарапайым халықтың зардап шекпеуі керектігін алға тартып, маман біліксіздігін болдырмауды қатаң тапсырды.

Осылайша өздерін толғандырған мәселелерге жауап алып, облыс басшысынан қолдау тапқан тұрғындар қоғамдық қабылдаудан ризашылықпен оралды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы