ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: 95 ЖАСТАҒЫ СОҒЫС АРДАГЕРІ ПАРТИЯҒА ӨТІНІШ АЙТТЫ

Уақыты: 06.05.2020
Оқылды: 1279
Бөлім: МІНБЕР

Жыл өткен сайын от пен оқтың арасынан аман қайтқан Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері сиреп барады. Бүгінде Алматы облысында қалған 64 майдангердің әрқайсысына мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалған. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев ардагерлерді айтулы күнмен құттықтады.

Алдымен Көксу ауданы, Балпық би кентінің тұрғыны 95 жастағы Николай Огневке «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтау хатын табыстап, сый-сияпат ұсынды. Өз кезегінде сөз алған Николай Иванович денсаулығы сыр беріп, соңғы уақыттарда қатты ауырып жүргенін айтты.

– Дәрігердің көмегіне жүгінемін. Көбіне хабарласып, жиі шақыруға тура келеді. Денсаулығымды бақылап, шақырусыз-ақ жиі келіп тұрса екен деген өтінішім бар, – деген ол құттықтай келген жандарға алғысын білдірді. – Бүкіл әлемде бейбітшілік болсын. Сұм соғыс талай жанның өмірін жалмады. Бірақ біз Отанымызды жаудан қорғап қалдық. Барлықтарыңа денсаулық, бақыт тілеймін. Отбасыларың аман болып, қызметтерің алға бассын.

Жанболат Әкебайұлы ардагердің өтініші бақылауға алынып, міндетті түрде шешілетінін жеткізді.

– Партия тарапынан ардагерлерге көп көңіл бөлінеді. Мысалы, «Ардагерді ардақтайық» жобасы арқылы еріктілер дәрі-дәрмек, азық-түлік себеттерін алып беріп, үй шаруасына қол ұшын созуда. Бүгінде облыста 64 соғыс ардагері бар. Солардың барлығына 1 миллион теңгеден берілді, – деді.

Партия мүшелері бұдан кейін Кербұлақ ауданында тұратын соғыс ардагері Иван Ковалевті де құттықтап, деніне саулық тіледі.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы