ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫ ЕКІ АУДАННЫҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

Уақыты: 21.11.2020
Оқылды: 1293
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Онлайн режимдегі отырыста екі мәселе қаралды. Біріншісі, облыс көлемінде халықты ауызсумен қамтамасыз ету және электр желісі, жылу, су құбырларының қайта жаңғырту жұмыстары жайында, екіншісі, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының Көксу және Панфилов аудандарында орындалу барысы сөз болды.

Жиын барысында аталған аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу жайы талқыланды. Аталғандай, жұмыссыздықпен күресуге бағытталған бағдарлама қос ауданда да жүйелі жүзеге асып келеді.

- Ағымдағы жылы Алматы облысы бойынша жалпы 105,6 млрд.теңге болатын 1051 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Инфрақұрылымдық жоба бойынша 20,9 мың жұмыс орнын құрып, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 10,4 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 1041 жоба бойынша 19031 жұмыс орыны құрылды. 17648 адам жұмыспен қамтылып, оның ішінде, 8981 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы қабылданған. Көксу ауданында 33 жоба бойынша 773 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, оның ішінде 383 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы. Бүгінде 33 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Панфилов ауданында 56 жоба бойынша 1061 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, оның ішінде, 530 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналасқан. Бүгінде 55 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобалар бойынша 1178 адам жұмысқа қабылданды. Оның ішінде, 555 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы келді, - деді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы Партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Мақсұт Тобаев.

Комиссия отырысының қорытындысында тиісті ұсыныстар қабылданып, орындалу бойынша құзырлы мекемелерге жіберілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"