АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҮШІН ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚҰРЫЛАДЫ

Уақыты: 08.01.2021
Оқылды: 1107
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясынан Алматы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Герман Нам әлеуметтік желіде өңір тұрғындарымен жүздесті. «Үміткерге сауал жолда» шарасы аясында өткен онлайн кездесуде үміткер «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмыстармен таныстырды.

Алдағы бес жылда өңірдегі азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 59 жоба іске аспақ. Мәселен, жылына 27 мың бас ірі қара бордақылайтын 30 алаң салынбақ. Нәтижесінде 162 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, 8,7 мың басқа арналған 22 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Ұйғыр ауданында 300 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар құс фабрикасы салынады. Үміткер аймақтағы осындай жағымды ақпараттармен бөлісті.

– Партияның сайлауалды бағдарламасында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта құру басты назарға алынған. Осы бағытта ауқымды жоспарларымыз бар. Ол үшін қауіпсіздікті де қамтамасыз етуіміз тиіс. Ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы қолайлы орта құрамыз. Сол бағытта өңірде 890 гектарға жеміс бағы салынады. Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылыжайлардың да рөлі басым. Қыс бойы көкөністі өзге өңірлерден, шетелден тасуға мәжбүр болмас үшін аумағы 34 гектар 2 жылыжай салынады. Одан өзге, жеміс-көкөніс сақтайтын заманауи қоймалар да орналасады, – деді Герман Нам.

Осындай игілікті жұмыстар нәти- жесінде 2025 жылға қарай 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал еңбек өнімділігін 2,5 есеге, яғни 6 миллион теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Желі қолданушылар үміткерге түрлі бағытта сауал жолдады. Бір тұрғынды өңірдегі жол қатынастары алаңдатса, енді бірін жайылымдық жердің тарылуы мазалайды екен. Герман Нам желі қолданушылардың сауалдарына сайлауалды бағдарламаны негізге алып жауап берді.

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді)