"NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУДІ БАСТЫ НАЗАРДА ҰСТАЙДЫ

Уақыты: 08.01.2021
Оқылды: 1308
Бөлім: МІНБЕР

Облыста үшауысымды мектеп жойылып, 80 жаңа білім ордасы бой көтермек. Әрине, заман талабына сай жабдықталып, оқушылардың жан-жақты білім алуына мүмкіндік ашатын білім беру ұйымдары ертеңімізді еңселі етер ұрпақ тәрбиелемек.

Осы сынды тақырыпты арқау еткен «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Абзал Омарқұлов «ZOOM» бағдарламасы арқылы өткен жиында білім тақырыбын тарқатты. Жиынға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жалпы, елімізде білім саласында жасалып жатқан оңтайлы істер жетерлік. Бүгінде облыста елдегі пандемиялық ахуалға сәйкес қашықтан оқуды жүйелі жүргізіп келеді. Қажетті жабдықтармен қамтуда да нәтижелі жұмыс байқалады. Осы секілді жұмыстарды сөз еткен үміткер Абзал Қасымұлы:

– Жалпы, өңірде 867 балабақша, 760 мектеп, 76 колледж бен 2 жоғары оқу орны бар. Партия алдағы уақытта білім саласының нысан сандарын ұлғайтпақ. Себебі, үшауысымды мектептерді азайту не мүлдем жою негізгі мәселе болып тұр. Осы бағытта облыста үшауысымды мектептерді жою үшін 80 мектеп салынбақ. Бұдан өзге партия өңірде балабақшамен қамтуды 100 пайызға шешпек. 101 білім беру нысанында қайта жаңғырту жүргізіп, пәндік кабинеттерді компьютерлік жабдықпен қамтуды 67,4 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз, – деді.

Алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы қашықтан оқыту сақталған жағдайда әлеуметтік осал отбасылардың балаларын компьютерлік техникамен толық қамтуды қарастыруда. Осынша жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңірде ҰБТ-да 100-ден жоғары балл жинаған түлектердің үлес салмағы 24 пайыздан 35 пайызға ұлғаймақ.

Мәулен ДАНИЯРҰЛЫ

Алматы облысы

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді)