ЕЛ БАСЫНА ҚИЫНДЫҚ ТУҒАН КЕЗДЕ ПАРТИЯ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ ЖҮРДІ

Уақыты: 08.01.2021
Оқылды: 1128
Бөлім: МІНБЕР

Егемендіктің туы желбіреген алғашқы жылдары егеменбіз, еркінбіз деген сезіммен бірге экономикалық қиындықтардың алдымыздан шыққаны баршаға мәлім. Сол мезетте Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мұндай ауыртпалықтың болатынын жасырмай, елді бірлікке, сабырға шақырды. Тойып тамақ жемей, балалардың үстіне жөнді киім ала алмай, бір сабынға бір қойды айырбастаған күндерді де бастан өткердік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өндірістер тоқтап, өнеркәсіп шатқаяқтаған, ұжымшар мен кеңшар атаулы жекешелендіріліп, халықтың біраз әбігерге түскен мезгілі де артта қалды. Күндіз білінбегенімен кеш түсе салысымен қою қараңғылық адамды жұтатындай болып көрінетін. Қарадала төсінде тұрсаң тауың қайда, ойың қайда екендігін ажырата алмайтынсың, электр жарығының қат кезі. Көше бойында бірнеше шамның жарығы әлсіз жылтырайды. Онда да қолы жеткендер малшы шамын пайдаланады.

Бұл Шонжы ауылындағы Никольский базары деп аталатын, бүгінгі Кинтал Исламов пен Аппазов көшесінің қиылысындағы сауда жасайтын кәсіпкерлердің сол кездегі тірлігі еді. Талдап темекі, сабын, балаларға шоколад, сіріңке тағы басқа ұсақ-үйек сатылатын. Сонда халықтың темекіні қораптап алуға да мүмкіндігі болмағаны ғой, сірә?!

Бүгінде оның бәрі ұмытылған. Қарадала төсіне шыға қалсаң, түннің өзі жарқыраған күндей жап-жарық. Жаның ләззат алады. Тау бөктерінде орналасқан әрбір ауылды жаңылмай танисың. Арасан елді мекенінде орналасқан демалыс үйлерін құдды бір қала дерсің. Заманауи сұлулықпен салынған. Құс фабрикасы өз алдына үлкен әңгіме. Шонжы ауылы түбегейлі өзгерген. Ары-бері жүрген автокөліктен шаңға көмілетін көшелер асфальтталған, тұрғындар көп жүретін көшелерде жаяу жүргіншілер жолы қоса жасалған. Халық өзіне қажетін бұрынғыдай көшеде тұрған саудагерлерден емес, сән-салтанаты жарасқан сауда орта- лықтарынан іздеуде. Онда барлық жағдай бар. Айналаңнан қымбат көлік мінген, сәнді киім киген адамдарды көресің.

Осындай жетістікке Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы жариялаған «Қазақстан – 2030» Стратегиялық бағдарламасы жол ашты. Алға қойған міндеттердің толық орындалуына байланысты 2012 жылдың 14 желтоқсанында жарияланған Қазақстан халқына Жолдауындағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы ХХІ ғасырдың екінші онжылдығына ғана емес, ұлттық тарихымыздағы жаңа дәуірдің қақпасын ашты. Жаңа бағыт – 2050 Стратегиясына озық отыз елдің қатарына қосылу мақсаты негіз болды.

«Nur Otan» партиясы нағыз халықтың партиясы екендігін дәлелдеді. Ел басына қиындық туған кезеңде алдыңғы шепте "нұротандықтар" жүрді. Қызылағаш, Арыс, Мақтарал оқиғаларында алғаш болып көмек қолын созған осы партия десем артық айтқандық емес. Ал, бүкіл дүниежүзін тұмшаландырған тәжтажал «COVID-19» пандемиясы кезінде Елбасымыздың бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы халыққа үлкен көмек болды. Бұл - бүгінгі күннің көрінісі. Өткен кезеңдерде сайлауалды бағдарламалар жалпылама жасалғандықтан көп мәселе жіліктеп қаралмайтын. Биыл жасалған сайлауалды бағдарламасы әрбір өңірге, әрбір елді мекенге жеке-жеке қарастырылған.

Партияның негізгі алға қойған мақсаты – тұрғындардың үміттерін қанағаттандыру үшін барлық шараны қабылдай отырып, халық пен билік арасындағы дәнекерлікті күшейту. Алдағы 5 жылда экономикасы дамыған, халықтың әлеуметтік жағдайы тұрақталған, білімі мен біліктілігі, мәдениеті мен сән-салтанаты келісті ортаны көретін боламыз. Оған толық сенімдімін.

Нұрәкім ЕСЖАН,

Ұйғыр аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат

(«Nur Otan» партиясы Алматы облысы Сайлау қоры қаражатының есебінен төленді)