ДАЛА КӨРКІ

Уақыты: 24.03.2025
Оқылды: 459

Көрініп даланың көркі,
Шешіліп баланың бөркі.

Емініп қыратта төлдер,
Сезініп жырақтан елдер.

Бусанып бұла шыбықтар,
Жарқырап тұмса тұнықтар.

Уызбен толып көзелер,
Той қылып көше-көшелер.

Талдың бүр, бүршігі гүлдеп,
Гүлдің жел қауызын үрлеп.

Тай-құлын жарыса шауып,
Ақша бұлт алыса ауып.

Бәбісек бұрындау жетіп,
Бұлбұл үн құбылды-ау келіп.

Жыр болып жазылған шумақ,
Қаздардай сазында шулап.

Тауларды нұрға шомдырып,
Бауларды құсқа толтырып.

Сағынтып енген шығарсың,
Тәңірі берген тұмарсың.

Бейтарап, бейқам гүлдедің,
Қуанып, содан жүргенім.

Бір келер мейманым едің, 
Наурыз – мейрамым менің!

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: gov.kz