САРҚАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ЕШҚАНДАЙ СЕБЕПСІЗ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ

Уақыты: 18.02.2021
Оқылды: 1220
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарқан ауданының тәртіп сақшылары ауылдасына дене жарақатын салған бұзақыны ұстады. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Сарқан ауданының полиция бөліміне телефон шалған тұрғын көшеде өзін біреулердің себепсіз ұрғанын айтқан. Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер 1986 жылы туған тұрғынды ұстады.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес, яғни бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ұсталған адамның ішімдікке масаң күйде дүкеннен шыққан жәбірленушіге дене жарақатын салғаны анықталды. Бұған дейін заңға қайшы әрекетімен көзге түспеген күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Тергеу әлі жалғасуда, - деді Сарқан ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Елтай Сәмбеталинов.

Іс бойынша сараптамалар тағайындалды. Дене жарақатын алған тұрғынды дәрігерлер қарап, денсаулығына қауіп болмағандықтан, үйіне жіберді. Ащы су әлекке салған бұзақы заңсыз әрекеті үшін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауап береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"