САРҚАН ПОЛИЦИЯСЫ ЖАСТАРДЫ КӨКТЕМГІ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕН САҚТАНДЫРДЫ

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 1125
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарқан полицейлері табиғи апат салдары туралы жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жайында "Жетісу" газеті хабарлады.

Полицейлер Алматы облысындағы таулы аймақтардың бірінде орналасқан ауданының әкімшілік орталығын жарып өтетін Сарқан өзенінің бойындағы тұрғындар, оның ішінде жасөспірімдер арасында көктем мезгіліндегі қауіп-қатер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жергілікті жастарға көктемгі қар еру кезінде көшкін жүруі мүмкін екені және қайғылы жағдай орын алатыны туралы айтылды. Сонымен қатар, бұл мезгілде қызық қуып, тауға, өзен бойына барудың өте қауіпті екені де ескертілді.

- Аудандық полицияның жеке құрамына кез-келген табиғи және тұрмыстық қауіп-қатердің алдын алу шараларын қабылдау туралы айтылған. Полиция басшылығына хабарласқан жергілікті тұрғындар ювеналды полиция тобы өкілдерінің кездесу өткізіп, қауіптің алдын алу және қиын жағдайда қалай әрекет ету бойынша түсіндіргендеріне алғысын білдірді. Жастар арасында тәртіп сақшыларының беделі ерекше екенін атап өтті, - деді Сарқан аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Ержан Сейденов.

Жергілікті тұрғындармен кездесіп, жастармен сөйлескен полиция капитаны Берік Баймолдинов пен полиция лейтенанты Анастасия Смыкова қауіптің алдын алу үшін әр адам төтенше жағдайға дайын болуы қажет екенін айтты. Ол үшін өзін және жаныңдағы адамдарды құтқарудың қарапайым ережелерін сақтаса жеткілікті деді тәртіп сақшылары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"