ЖАЗАДАН ЖАЛТАРЫП, БОЙ ТАСАЛАП ЖҮРГЕН ҚЫЛМЫСКЕР ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 04.04.2021
Оқылды: 799
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұйғыр ауданының полицейлері жазадан жалтарып, бой тасалап жүрген қылмыскердің мекенжайын анықтап, құрықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сот шешімімен 2020 жылғы қазан айында Ұйғыр ауданының 42 жастағы тұрғынына іздеу жарияланған. Оның мекенжайын анықтау және қамаққа алу бойынша жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында қылмыскер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

1979 жылы туған азамат өзге біреуге қасақана ауыр дене жарақатын салғаны үшін сот органдары ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-тармағына сәйкес 2018 жылы оған 3 жылға бас бостандығынан айыру түрінде шешім шығарған. Жазасын өтеу кезіндегі жақсы тәртібі үшін былтыр оның жазасының өтелмеген бөлігі шартты түрде өтеуге ауыстырылып, мерзімінен бұрын босатылған. Дегенмен, пробациялық бақылаудан жалтарған ол бой тасалап, қашып кеткен.

Ұйғыр ауданының тәртіп сақшылары іздеу жарияланған тұрғынды табу мақсатында арнайы шаралар жүргізіп, оны Алакөл ауданының аумағында құрықтады. Оның осы уақытқа дейін нақты жұмысқа кірмей, полиция өкілдерінен бой тасалап, әртүрлі жұмыстарға жегіліп, күнелткені белгілі болды.

Ұсталған адам қамалды. Сот шешімімен ол жазасының қалған мерзімін темір тордың арғы жағында өткізуі мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды