"ЕҢ АЛДЫМЕН БІЗ ЕСТИМІЗ": ПОЛИЦИЯДАҒЫ КЕЗЕКШІ БӨЛІМНІҢ ЖҰМЫСЫ

Уақыты: 05.04.2021
Оқылды: 1888
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Полицияның кезекші бөлімі – қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алудағы негізгі бөлімшенің бірі. Ішкі істер органы дегенде адамның көз алдына полиция ғимаратына кіреберістегі «Кезекші бөлім» деген жазу келетіні белгілі. Ол – заңдылық. Өйткені, кезекшіліктегі тәртіп сақшылары тұрғындардың әрбір қоңырауына жауап беріп, тиісті ақпараттарды жазып, оқиға орнына полицейлердің жедел жетуін қамтамасыз етеді.

«Кезекші бөліміндегі полицейлер тәулік бойы қызмет атқарады. Олар телефондарға жауап берумен қатар, бейнебақылау камераларынан айналадағы жағдайды да бақылауы тиіс. Олар бекітілген тәртіп бойынша тиісті қызметтердің өзара жұмысын ұйымдастыруы қажет. Бұл – өте жауапты қызмет. Қылмыс пен құқықбұзушылық туралы ең алдымен біз естіп, өзгелерге хабар береміз», - деді Кербұлақ аудандық полициясы кезекші бөлімінің кезекшісі, полиция майоры Сәулет Оразбаев.

Кезекшіліктегі полицейлер сол күнгі ақпаратты толық жинап, тиісті мәліметтерді деректер базасына тіркейді. Сонымен қатар, талдау жұмыстарын жасап, басшылық пен облыстық полиция департаментіне ақпарат береді. Келесі күні келген кезекшіге басшылық тапсырмасын жеткізіп, талапқа сай бекетті тапсырады. «Кербұлақ ауданы – ауылшаруашылығына арқа сүйеген аудан. Сондықтан, қылмыстың басым бөлігі мал ұрлығы болып отыр. Былтырмен салыстырғанда қылмыс саны биыл екі есе азайды. Мал ұрлығының ашу көрсеткіші 60 пайыздан артық. Бұл көрсеткіштің барлығы полицейлердің тынымсыз еңбегін, қоян-қолтық ынтымақта қызмет ететінін көрсетеді», - деді Кербұлақ АПБ бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды