ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҰСТАЛҒАН АДАМ КЕЗ КЕЛГЕН ҚЫЗМЕТКЕ ҚАБЫЛДАНБАЙДЫ

Уақыты: 08.04.2021
Оқылды: 988
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бұрынғы жемқорларды жұмысқа қабылдаған мекеме басшысына 300 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев хабарлады.

Оның айтуынша, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

- Бұл жерде маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өткім келеді. Енді биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіндегі түзетулерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаев.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны үшін лауазымды тұлғалар 300 мың теңге айыппұлмен жазаланады. Ж.Жұмабаев жемқорларға ықпал ететін қылмыстық-құқықтық шаралар – сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар арсеналындағы жалғыз қару бола алмайды және болмауы тиіс деді. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды саналатын, мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады», - деді Ж.Жұмабаев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамау «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда белгіленген бірқатар талаптарды орындамауды білдіреді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, мүдделер қақтығысын болдырмау, қаржылық бақылау шаралары, басшылардың тікелей қарамағындағы сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі, квазимемлекеттік секторда комплаенс-қызметтерді міндетті түрде енгізу. «Тиісінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қолданыстағы заңнамада қарастырылған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тиісті шаралар қабылдамайтын мемлекеттік органдардың басшылары мен лауазымды тұлғаларына әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға уәкілетті», - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"