ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАҒЫП КЕТКЕН МАС ЖҮРГІЗУШІ ОН ЖЫЛҒА СОТТАЛУЫ МҮМКІН

Уақыты: 29.04.2021
Оқылды: 1013
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданындағы төрт оқушы қызды көлік қағып кету оқиғасы бойынша іс сотқа жолданды. Бұл туралы Алматы облыстық прокуратурасы хабарлады.

«Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы, 4-бөлігімен (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан алкогольдік масаң күйде көлік құралын жүргізу) сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған баппен ең жоғарғы жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - делінген прокуратура хабарламасында.

Автокөлік құралының жүргізушісі қамауға алынды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалық зерттеулер жүргізіліп, тергеу процесстік мерзімде аяқталды.

Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы айыптау актісімен қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жолдады.

Еске салсақ, ағымдағы жылдың 2 наурызында Еңбекшіқазақ ауданының аумағында 54 жастағы жүргізуші мас күйінде 8-9 жастағы 4 оқушыны қағып кеткен еді. Кейін алған жарақаттан екеуі қайтыс болды. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында 4 оқушы қызды қаққан мас жүргізушіге қатысты тергеуді өз бақылауына алған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан