ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӨЛІГІН ДҰРЫС ҚОЙМАҒАНДАРДЫ ЭВАКУАТОР АҢДИДЫ

Уақыты: 04.05.2021
Оқылды: 1162
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласының полициясы жол ережесін бұзып, қозғалысқа кедергі келтіретін көліктер үшін арнайы эвакуаторларды іске қосты. Бұл туралы "Жетісу" газеті облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Облыс орталығының полиция өкілдері көлігін кез келген жерге дұрыс емес қоя салатын жүргізушілерді эвакуатор арқылы тезге салмақ.

- Бүгінде баршамызға белгілі, жолдағы көліктердің қозғалысы күрделеніп барады. Оған себеп - жүргізушілердің жол бойына көлігін қалай болса, солай қоя салатыны. Жол белгілерін елемейтін жүргізушілер көп. Көлік қоюға, аялдауға тыйым салынған белгілер бар. Бірақ оған пысқырып қарамайтын жүргізушілер кездесетіні өкінішті. Талдықорғанда орта есеппен көлікті дұрыс емес қойғаны үшін күніне 100-ден аса хаттама толтырылады. Полиция департаментінен бөлінген арнайы эвакуатор осы олқылықтың алдын алуға арналған, - деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының рота командирі, полиция майоры Олжас Отаров.

Эвакуатор алып кеткен көлік иесі не істеуі керек? Ең бірінші, 102 нөміріне хабарласып, мән-жайды біле алады. Ереже бұзған көлік бірден полицияның жұмыс базасында тіркеледі. Айыппұл төленгеннен кейін көлікті алып кетуге рұқсат беріледі. Осыған байланысты полиция өкілдері барлық жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға, жол қозғалысына кедергі келтірмеуге шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"