АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЛДАҒЫ 7 АЙДА ТАҒЫ 1200 ЖІГІТ ӘСКЕРГЕ АТТАНАДЫ

Уақыты: 07.05.2021
Оқылды: 1163
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Отан ұғымы – халқымыз үшін қастерлі де қасиетті. Туған ел мен жерді көздің қарашығындай қорғау  әрбір азаматтың борышы. Сондықтан Отанды, мемлекетті, ел мен жерді күзетуге кәмелетке толған, денсаулығы мықты жігіттер алынып, халқымыздың тыныштығы мен бейбітшілігі берік қорғалып, өскелең ұрпақтың мамыражай тірлік кешуіне мүмкіндік жасайды.

Жалпы, әскерге жарамды бозбалаларды анықтап, олардың бойындағы патриоттық сезімін ұштау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне және аудандық, қалалық бөлімдерге жүктелген. Осынау ауыр да жауапты міндетті мүлтіксіз атқару әскери комиссариат қызметкерлері үшін абырой. Өйткені, ел мен жердің амандығын ойлау – әрбір әскеридің мойнындағы жауапкешілік.

Шындығында ел мен жердің амандығын ойлау, мемлекет іргесінің беріктігін назарда ұстау халқымыздың бойында ерте заманнан, жаугершілік кезеңдерден қалыптасқаны белгілі. Азаттық жолында ақ білектің күшіне, ақ найзаның ұшына сенген батырларымыз өскелең ұрпағының қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда өмір сүргенін аңсап өткені анық.

Ертедегі көшпенділердің соғыс тактикасы – қаша жүріп ұрыс салу әдісін жетік білген Бауыржан Момышұлының ерлігі елге аян, көпке үлгі. Партизандардың қатарында түн жамылып, жаудың ұрымтал тұсынан шабуыл ұйымдастырған Қасым Қайсеновтың қаһармандығы бүгінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс. Қиян-кескі ұрыстың үстінде, оңды-солды атылған қалың оқтың арасынан аман өтіп, жанын жалдап жүріп, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың жанкешті ерлігін бүгінгі жастар жетік білуі керек.

Жастығын ала жығылған Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Төлеген Тоқтаров, Бақтыораз Бейсекбаев сынды боздақтардың ерлікке толы қысқа ғұмыры жасөспірімдерге серпін беріп, өнегеге айналуы қажет. Сонда ғана еліміздің шаңырағы биік, керегесі кең болуын аңсайтын жүрегі жалынға толы жастарымыздың қатары ұлғаяды. Әйтпесе, қазіргідей ақпараттық майдан шебінде ұлттық құндылықтарды мансұқтайтын жарнамаға толы жағымсыз әдеттер бозбалаларымыз бен бойжеткендерімізді азғындыққа апаратын жолға түсіріп жатқаны ащы да болса шындық.

Соның кесірінен әскерден қашатын, Отан алдындағы борышын ұғынбайтын ұлдардың қатары өсіп отыр. Осының алдын алу үшін жоғары сынып оқушыларына оқытылатын «Алғашқы әскери дайындық» пәніне басымдық беру керек-ақ. Себебі, әскери өмірдің әліпбиін үйрететін пән ұлдардың бойындағы отаншылдық, мемлекетшілдік, патриоттық сезімдерінің оянуына септігін тигізері анық. Ал елі мен жерін сүйетін ұрпақ мемлекеттің тыныштығы мен бейбітшілігін назардан тыс қалдырмайды.

Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялап, Орта Азияның қақ ортасындағы кеңістікте өз алдына ел болғанын паш еткеніне 30 жыл толып отыр. Бір қарағанда қысқа уақыт секілді көрінгенімен ер-азаматтың толық қалыптасар мерзіміне пара-пар. Еліміздің Қарулы Күштері осы жылдар ішінде қалыптасудың жаңа кезеңін басынан өткізді. Қазақстандық жауынгерлер соғыс өрті тұтанған жерлерге барып, бітімгершілік міндеттерін атқарды.

Атап айтқанда, Батыс Сахара, Кот-д'Ивуар, Ливан елдеріне жіберілген бітімгер әскеріміз Иракқа арнайы тапсырмамен барып, жарылғыш заттардан залалсыздандыру жұмысын мүлтіксіз орындап қайтты. Ливан астанасы Бейрутта болған жарылыстан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін 32 әскери медицина мамандары жіберіліп, екі апта бойы жергілікті халыққа көмек көрсетті. Осындай игілікті істердің басы-қасында жүрген қазақстандық әскерилер қарапайым халықтың ықылас-пейіліне бөленуде. Міне, бұл тәуелсіздіктің жемісі. Сол елдердегі жұрттың бәрі бізді Қазақстан Республикасының жауынгерлері деп таниды.

Қазір Қазақстанда әскерге шақыру маусымы жүріп жатыр. Жетісу жерінен жыл басынан бері 625 жігіт еліміздің әр қиырына әскери борышын атқару үшін жіберілсе, жыл соңына дейін тағы 1200 азамат әскерге алынады. Оларды шақырту, жинау, облыстық әскери комиссаритқа жеткізу секілді жұмыстарды ұйымдастырып, денсаулығының жарамды, жарамсыздығын анықтау ісін жүргізетін облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мамандары жыл бойы тынымсыз еңбек етеді. Бұл ең алдымен Жетісу жерінің абыройын қорғау дер едім. Өйткені, әскерге алынған жастардың денсаулығы мықты, дене бітімінің лайықты болғаны керек.

Денсаулық демекші, қазіргі жастардың көбінің бойында түрлі кемшілік пен аурулар баршылық. Бір ғана әскерге шақыру маусымында келген жігіттердің көпшілігі асқазан ауруларына шалдыққаны белгілі болып отыр. Одан бөлек майтабандық, бойдың қысқалығы сынды кемшіліктер жастарды әскерге жарамсыз етіп жатыр. Бұған ең алдымен экологияның ластығы, ішкен тамақтың құнарсыздығы, дене шынықтыру жаттығуларын жасамау сынды кедергілер себеп болуда. Рас, қазір қоршаған ортаның таза еместігі белгілі.

Дегенмен, әрбір азамат өзінің денсаулығын күтіп, ширататын, шынықтыратын жаттығулар жасап, белгілі бір спорт түрімен айналысуына ешкім кедергі емес. Бірақ қазіргі жастардың санасында спорттан гөрі мобильді телефондағы ойын басым секілді. Оны әрбір қоғамдық көлікке мінген оқушылардың телефонға телміргенінен байқауға болады. Көз жанарын әлсіретіп, жасөспірімдердің даму деңгейін тежейтін сенсорлы телефоннан бір уақыт тыйылу керектігін дәрігерлер айтып-ақ жатыр. Алайда оны назарға алған ата-ана аз. Айта берсең мәселе көп.

Дегенмен де, қазіргі жастардың арасында әскерге жарамдылары жеткілікті. Денсаулығы да, бойы да, қарым-қабілеті де бар жігіттердің ішінде Отанын сүйетін, туған жері мен елін жақсы көретіндері де жоқ емес. Тек дұрыс бағыт көрсетіліп, түзу тәрбие берілсе патриоттығы жалындап шыға келетіні анық. Сол себепті, әрбір отбасында берілетін тәлім-тәрбиенің сапалы болғаны, мектепте оқытылатын «Алғашқы әскери дайындық» пәнінде отаншылдық, мемлекетшілдік ұғымы саналарға терең сіңірілгені керек. Ол үшін әрбір ата-ана, әрбір мұғалім, әрбір мемлекеттік қызметкер өскелең ұрпақ тәрбиесін назардан тыс қалдырмауы тиіс деп білемін.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай барша Жетісу жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтап, мықты денсаулық, талмас қуат, қажымас қайрат тілеймін! Отан үшін отқа түсуге дайын өр рухты жастарымыз көп болсын.

Талғат ДӘУЛЕТХАНОВ,

полковник, Алматы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы